Хабар телеарнасы

Nur Otan партиясының праймеризіне дауыс беру басталды

Дауыс беру онлайн және де оффлайн форматта өтеді. Nur Otan партиясының мүшесі өзі таңдаған үміткерді қашықтан қолдау үшін primaries.kz сайтына кіре алады немесе арнайы мобильді қосымшаның мүмкіндігін пайдаланады. Ал интернеті жоқ елді мекендердің тұрғындары мен егде жастағы адамдар үшін сайлау учаскелері жасақталған. Мұнда жеке куәлікпен келіп, сағат 14:00-ге дейін дауыс беруге болады.

Ерлан Қаналимов, Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Нұр-Сұлтан қаласы бойынша арнайы 39 орын аштық. Бұл жерге бастауыш партия ұйымдарын бөлдік. Бір орында 1200-ден 1500-ге дейін болады. Жұмыс сенбі күні басталады. Сағат таңғы 08:00-ден түскі 14:00-ге дейін. Бір рет қана дауыс береді.

СҚО-да Nur Otan партиясының ішкі іріктеу сайлауына 632 азамат қатысуға өтініш берген. Олардың 27% жастар. Бүгінге дейін үміткерлер праймеризде бағын сынау үшін дебаттарға қатысып, бағдарламаларын ұсынды. Солардың бірі – петропавлдық Рахымбек Зейнуллин. Ол бірнеше жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатындықтан, ондағы сұрақтардың шешілгенін қалайды.

Рахымбек Зейнуллин, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Бірінші мақсат – ол жаңасы осы өңіріміздегі жас кәсіпкерлікті дамыту. Екіншісі – төтенше және карантиндік жағдайларға байланысты зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау. Үшінші бағыт – жұмыссыз қалған азаматтарды кәсіпкерлік негіздерін оқытып, одан әрі бизнес ашуға көмектесу. Және төртінші бағыт – спортты қолдау.