Хабар телеарнасы

Қазақстан халқының 92,4% этносаралық ахуалды қолайлы және тұрақты деп бағалайды

Елбасының қабылдауында болған ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев осындай мәліметтерді айтты. Бұдан бөлек кездесуде Таулы Қарабахтағы жағдай да талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанға дос мемлекеттер арасында келіссөздерді бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Биыл – Қазақстан халқы ассамблеясы үшін мерейлі жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап халықтың бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім елдің басты құндылығы болды. 25 жылдығын атап өтіп жатқан Ассамблеяның рөлі айрықша.

Жансейіт Түймебаев, ҚХА төрағасының орынбасары:

- Биыл ассамблеяның 25 жылдығын кедергілерге қарамай, өткізудеміз. Үлкен жиналыс түрінде атай алмасақ та, жергілікті баспасөзде, онлайн режимінде атап өтеміз. Бүкіл ел, әсіресе, дәл қазіргі сәтте бірлік, ынтымақтың ең басты мәселе екенін түсініп, Сіздің саясатыңызды толық қолдауда.

Таулы Қарабах мәселесі. Елбасы қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Қазақстанның дос мемлекеттерінің арасында келіссөздерді бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өңірдегі жағдайды тезірек тұрақтандыруға септігін тигізеді. Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев әзербайжан мен армян диаспораларының Таулы Қарабахтағы әскери іс-әрекеттерді тоқтату жөніндегі бірлескен үндеуіне қолдау көрсетті. Бірлік пен келісім – біздің елдің бренді. Бұл тұста тұтас қоғамды біріктіріп отырған құрылым ҚХА-ның маңызы орасан. Елбасы қабылдауында Жансейіт Түймебаев этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың және талдау жұмыстарының нәтижелері туралы баяндап берді.

Ассамблеяның қызметі белсенді. Әсіресе өңірлерде жүйелі жұмыстар қолға алынды. Кіші ассамблеялар біраз істің басы-қасында жүр. Жергілікті жерлерде көптеген Достық үйі ашылды. Елбасы бейбіт өмірдің қадірін үнемі айтады. Себебі Қазақстанның әрбір жетістігі елдің ауызбіршілігімен байланысты.

Сыр өңірінде өзге этнос өкілдерінің үлесі 4% шамалас. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде барлық этностың ауызбіршілікте өмір сүріп, қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал ететін түрлі шара ұйымдастыру үрдіске айналған. Соның бірі – шешен этномәдени орталығы.

Юсуп Саидов, облыстық шешен этномәдени орталығының мүшесі:

- Қандай мерекелер болып жатыр, мемлекеттік не облыста болатын мерекелер болсын барлығына қатысамыз. Дәстүр, би, тамағын халыққа көрсетіп, таныстырамыз. Бесік той, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзатуда шамалы айырмашылықтар бар.

Шешен ұлтының өкілі Харон Исаевтың ата-бабасы Сыр еліне 1944 жылы күшпен жер аударылған. Онсыз да сұрапыл жылдары жүдеу отырған қазақ халқы кең пейілі мен мейірімділігінен айнымай, талай ұлтты жойылып кетуден сақтап қалды.

Харон Исаев, қала тұрғыны:

- Қазақ халқы солақай жүйенің ауыр талаптарына қарамастан, бір үзім нанымен бөлісіп, жетім-жесірге пана болды. Біздің ата-бабамыз осы Қызылорда өңірінде ұрпағын жалғастырды. Биыл Солтүстік Кавказ халқының қазақ еліне жер аударылғанына 75 жыл толып отыр.

Егемен ел өзара келісімнің өзіндік мәдениетін қалыптастарды. Енді сол берік бірліктің үлгісін өскелең ұрпаққа табыстаудың маңызы зор. Әуел бастан қазақстандық татулық пен келісімнің формуласын былайғы жұрт танып-білуге талпынған.

Былтыр ҚХА сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев: «Достық, бірлік және тұрақтылық – ел саясатының негізі өзегі», – деді. Қазақстанда этностардың құқығын шектейтін бірде бір заң жоқ деді. Бұл да – біздің бір ерекшелік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Көпэтносты еліміздің басын біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбе болып саналады.

Бірлікті бекемдеудің, келісімді нығайтудың бағыты дұрыс. Оған жүріп өткен жол, жеткен жетістіктер дәлел. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған ассамблея уақыттың көшінен қалыс қалмай, бірге жасап келеді.

Авторы: Дархан Әбдуахит