Хабар телеарнасы

Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты

Оған дейін де сессияның саяси пікірталасы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеген болатын. Аталған құжат өлім жазасының қолдану аясын біртіндеп тарылтуды және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруді көздейді. Жалпы 1991 жылдан бері Қазақстанда 536 қылмыскерге өлім жазасы қолданылған. Ең соңғы ату жазасы 2003 жылы 12 адамға қатысты жүзеге асырылыпты. Бірақ дәл осы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен өлім жазасына мораторий жарияланды. Одан кейін де тағы бес адамға осы жаза тағайындалған. Солардың бірі төрт жыл бұрын он адамды өлтірді деп айып тағылған алматылық Руслан Күлекбаев болатын.

Айбек Смадияр, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Хаттаманың күшіне енуі үшін негізгі заңға тиісті түзетулер енгізуіміз керек. Осылайша аталған халықаралық шарт ҚР Парламентімен ратификациядан өткеннен кейін ғана күшіне ене алады.

Саяси дебат кезінде Президент бұдан өзге адамзат баласына қауіп төндіретін үш жаһандық проблеманы атады. Сын-қатердің ең үлкені – коронавирус індеті. Одан кейінгісі – ядролық қарудан келетін қауіп, сосын – климаттың өзгеруі. Мемлекет басшысы аталған қатерлермен күресу жолдарын да ұсынды. Сондай-ақ әлемдік экономиканы қалпына келтіруді Жаңа ғаламдық келісім аясында жүргізу керектігін айтты. Пандемия әсіресе теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің сауда-саттығына орасан зардабын тигізді. Оны шешу үшін БҰҰ жол картасын қабылдау керек. Сондай-ақ әлемдегі аштықты толық жою үшін келер жылы азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Әйелдер мен жастардың теңсіздігін жою, балаларды қорғау мәселесін де көтерді.