Хабар телеарнасы

Парламент депутаттары Жолдауда айтылған міндеттерге тоқталды

Мәселен, көп қаражаттың тиімсіз пайдаланылатыны анықталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай жайттарды болдырмау мақсатында әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырды. Енді Парламент депутаттары оның ашық әрі сапалы құжат болуына мән беретін болады. Себебі халық мемлекеттің әр саланы қалай дамытып отырғанынан хабардар болуы тиіс.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Елдің ертеңі, жүретін жолы, өсу жолындағы мұраты айқындалды. Енді Үкімет осы жоспарлар жиынтығын жүйелеп атқаруға кіріседі. Пандемияда қашықтан оқыту 100% жолға қойылмағаны жасырын емес. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша арнайы бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленбек. «Осы ретте шалғайдағы ауылдардың мәселесін іс жүзінде шешу қажет», – дейді Парламент депутаттары.

Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Адам саны жоғары ауылдық жерлерде жылдам интернет болуы керек. Әйтпесе формальді тұрғыда сапасы өлер-өлмес болады, сондықтан мұның барлығын қайтадан бақылап, қарап шығу керек деп ойлаймын. Ол үшін ауылдық жердегі және кіші қалалардағы атқарушы органдар біліп отырған дұрыс.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Президент қазіргі қалыптасқан онлайн білім беру жүйесіне қатысты өзінің сыни пікірін айтты. Біз елді аралағанда бұл мәселені көтергенбіз. Қазір қалыптасқан дәстүрлі білім беруді жалғастыру мәселесін қарауымыз керек. Менің ойымша, ата-аналардың келісімімен балаларды дәстүрлі білім беруге көшіруге мүмкіндік бар деп есептеймін.

Әлемді діңкелеткен індет әлеуметтік жағдайдың ойсырауына әкелмеуі тиіс. Бірнеше ай көптеген азамат жұмыссыз қалып, мемлекеттің жәрдемақысын талғажау еткенін білеміз. 2025 жылға дейін кәсіпкерлердің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 35% арттырып, сала жұмысшылары қатарын 4 млн-ға жеткізу міндетін жүктеді Президент. Мәжіліс депутаттары сала жұмысын реттеу үшін нормативтік-құқықтық құжат әзілеуге ынталы.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шағын және орта бизнесті түгелімен несиені субсидияландыру мәселесі, яғни кәсіпкерлерге 6% дейін несиені арзандату – үлкен қолдау. Себебі әлі күнге дейін тиісті агенттік несиенің төлемдерін созу немесе кейінге қалдыру мәселесінің дұрыс шешімін бермеген деп санаймыз. Оны кейінге қалдыру деген бизнеске керісінше ауыртпашылық болып кетуі мүмкін. Мемлекет басшысының тапсырмасы шағын және орта бизнеске үлкен қолдау болайын деп отыр.

Жаһан экономикасы әлсіреген тұста мемлекет тек қара алтын қорымен алға суырылып шыға алмайтыны белгілі. Талай ел балама сектордың көсегесін көгерте бастағалы қашан?! Агроөнеркәсіп саласының еңсесін тіктеп, ауыл шаруашылығының шашбауын көтеру – бүгінгі заман талабы. Реформалардың реңі де белгілі.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қосалқы шаруашылықты елді мекеннің жағдайында 70% мал тұр. Бірақ бізде сол малды қамтамасыз ете алатын 188 млн гектар жайылымдық жер бар. Егер де сол малды жинап, кооперация құрып, жайылымдар мен шабындық жерлерді беретін болса, малдың, еттің, сүттің көлемі 30% өседі. Бұл – мемлекеттің биологиялық активі, біз оны қорғауымыз керек. Осы мәселе шешілетін болса, онда ауылдың экологиялық мәселесі де шешіледі.

Көп айтылатын баспана мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент зейнетақы қорына жиналған жарнаның бір бөлігін баспанаға жұмсауға рұқсат беруді тапсырғаны көптің көңілінен шықты. Енді Парламент бұл бастамаға заңнамалық тұрғыдан қолдау білдіруге дайын.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылуда, бірақ ауылдық жерлерде, аудан орталығында, қалаларда тұрғын үй салу баяу жүргізілуде. Мемлекет басшысының Жолдауында халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Әсіресе жеке тұрғын үй саламын деген азаматтарға тиісінше суын, сонымен бірге электр жарығын, көшесін жасап беру – өте жақсы қолдау.

Соңғы жарты жылда күн-түн демей еңбектеніп жатқан ақ халаттылардың еңбегі ескерусіз емес. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында оларды ынталандыруға 150 млрд теңге бөлініп отыр. Жолдауда алдағы үш жылда дәрігерлердің жалақысы екі есеге көтерілетінін айтқанда медицина мамандарының төбесі көкке бір елі жетпей қалған шығар. Президент қоғамдағы тұрақтылық негізі отбасын сақтауға сеп болатын «Аңсаған сәби» жобасын да ұсынды.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша біздің экстракорпоралды орталықтарына бұрынғыдан жеті есе көп қаржы бөліну қажеттігін атап өтті. Себебі бүгінгі таңда елдегі отбасының 20% ажырасуының себебі – бедеулік.

Жолдауда ұлттық құндылықтар мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы келешек адал, білімді, кәсіпке бейім ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласуды барлық қоғамдық институттарға жүктеді.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Президенттің айтқан жақсы бір жаңалығы – қазақ зиялыларына үлкен мүмкіндік берілетіні, ұқыптылық, байсалдылық мәселесі. «Бос сөзден арылып, елге пайдалы дүниелерді жасай білу жағдайына келуіміз керек» деген сөз біз үшін қуанышты жағдай. Мәселелердің барлығын заңнама тұрғысынан дұрыс қабылдай біліп, олардың іске асырылуына атсалысатын боламыз.

Президенттің халыққа Жолдауын білім күні қарсаңында жариялауында бір астарлы мағына бар секілді. Сан салада сан қилы өзгеріс болады, бірақ қайсыбірін болмасын, тау қопарғандай тындыру үшін білім, креативті көзқарас, нәтижелі идея керек. «Жер жаһанда өмір сүру тәртібі өзгерген сәтте ең әуелі өзімізді дамытуға күш салу қажет» деп бекер айтпады Президент.