Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды

Қалыпқа ғана келген жоқ, жаңғырып, жаңарып жатыр. Ал мамыр айының басында Өзбекстанда Сардоба су қоймасы бұзылып, жер-көкті басқан топан су біздің Мақтааралға дейін жетіп, біраз үйдің қирағаны белгілі. Қазір мұндағы халық жаңа баспаналарына кірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, елдің жайын көрді. Атқарылған істерді бағамдады. Кейін көне шаһар Түркістанға барды.

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте қазір құрылыс қарқынды. Бұл жаққа енді үйлері суда қалған Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарының халқы көшіп келеді.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Олар үшін бұл жақта 386 үй салу жоспарланған. Оның 196-сы республикалық қаражатқа, 190-ы қорлардың есебінен бой көтермек. Бүгінде 386 үйдің 180-і дайын. Қалғанын құрылысшылар бірінші қазанға дейін салып бітірмек. Сол кезде үш ауылдың жұрты осы жаққа біржола көшіп келеді. Сөйтіп, біз тұрған Мырзакентте 70 га аумақта жаңа шағын аудан пайда болмақ.

Мырзакентке Президенттің өзі келді. Салынған үйлерді көрді. Халықпен тілдесті. Құрылыс жұмыстарына жұдырықтай жұмылған азаматтарға ризашылығын білдірді. Тұрғындар да мемлекет тарапынан жасалған зор қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақтан Республикасының Президенті:

- Апат деген айтып келмейді. Оқыс оқиға болды. Соған қарамастан мемлекетіміз шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдап, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Еліміздің әр аймағынан, түкпір-түкпірінен көптеген адам, маман келіп, осы жерде жұмыс істеді. Нәтиже өте керемет.

Президент айтқандай, үйлерді салуға атсалысып, құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Қосман Айтмұхамбетов еді. Өткен шақта сөйлеп отырғанымыз, Қосман Қайыртайұлы бір ай бұрын көз жұмды. Жергілікті халық еңбегі ерен ердің есімін бір көшеге беруді ұсынды. Президент құптады.

Атап өтейік, Мырзакентке көшіп келетін Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыстағы ағайынның ескі қонысы енді саяжай болады. Ал су басқан Фирдауси мен Өргебастың халқы ешқайда қоныс аудармайды. Өз жерлерінде үйлерін салып, тұра береді. Ол үшін баспанасыз қалған тұрғындардың әрқайсысына 17 млн теңгеден берілген.

Сәкен Сұлтанханов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір ол жерде де қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Алдыңғы қатарлы үйлер бітіп, мемлекеттен толық қаражатын алып, тұрғындар үйлеріне кіруде. Өргебаста 195 үйді су басқан. Олар қайтып салынады. Ал Фирдаусида 324 үйді су басты, қазір қаражат бөлініп, құрылыстары жүріп жатыр.

Үйлер аз уақытта салынды. «Сапасы қандай болмақ?» деген заңды сауал туындайды мұндайда.

Нұрмахан Тұрғынов, құрылыс компаниясының бас инженері:

- Сапасын көріп тұрғандай, қолдан келгенше жақсылап істедік. Халықтан ұят болмасын деп, фирманың абыройын төкпеу үшін сапаға көңіл бөлдік. Газ, су ішкі канализация, бәрі жүргізілген.

Енді апат қайталанбас үшін, су ресурсын бірігіп басқару мақсатында Өзбекстанмен үкіметаралық келісімшарт жасалмақ. Мұндай құжат әзірге жоқ. Салаға жауапты министр осы бағытта қандай жұмыс атқарып жатқанын Президентке баяндады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Сардобадағы апат болғаннан кейін 300 км-ге жуық канал су араналарын су басты. Оның бәрін біз қалпына келтірдік. Енді Өзбекстанмен келіссөздер әлі күнге дейін жүргізілуде. Осы екі ел арасында сегіз трансшекаралық канал бар. Соларды басқаратын бірлескен басқарма құрамыз деген келісімге қолжеткіздік.

Мақтааралдағы ахуалды көріп, құрылыспен танысқан соң Президент Арысқа келді. Арыс та бір жылда түбегейлі өзгерген. Жаңғырған. Жаңарған қала болған.

Жарылыстан соң Арыста 480-ге тарта үй салынды. 7800-ден аса шаңырақ пен 66 әлеуметтік нысан, екі аурухана жөнделді. Қаланы қалпына келтіруге жалпы 60 млрд теңге жұмсалды. 40 мың тұрғынға жүз мың теңге көлемінде өтемақы төленді.

Үйлері бұзылған тұрғындарың бірі – Ізбасар Назаров. Былтырғы жарылыстан бұл кісінің баспанасы 75% қирап қалған еді. Құрылысшылар көпке созбай жөндеп берген.

Ізбасар Назаров, Арыс қаласының тұрғыны:

- 24 маусым жарылыс болған күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, үй-жайлардың, қаладағы әлеуметтік нысандардың барлығы тез арада қалпына келтірілетінін айтты. Сол айтқаны бүгінгі таңда ақиқат болды. Өйткені қала өзгерді.

Өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Президент те асықпай Арысты аралап шықты. Әуелі жарылыс болған қайта қалпына келтірілген әскери бөлімде болды. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол вокзалына барды. Бұл нысанның ғасырлық тарихы бар, 1904 жылы салынған. Ел бойынша үш көне вокзал болса, соның бірі – осы. Мұның да жарылыс кезінде қасбеті, есік-терезесі қираған еді. Президент тапсырмасымен көне нұсқасы сақталып, вокзал қайта жөнделген. Бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті.

Арысқа келіп, өзі берген уәденің орындалғанына көз жетізген соң Президент көне шаһар Түркістан қаласына аттанды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Еділ Ермекбаев, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев