Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті лауазымына ресми кіріскеніне бір жыл

12 маусымда Президентті ұлықтау шарасы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде қызметіне кірісті. Саясат сахнасына келген кез келген тұлға қоғамның қарама-қайшылығымен күресіп бастайтыны анық. Өйткені қоғам жаңа Президенттен жаңашылдықты күтетіні заңдылық. Сондықтан билік уақыт оздырмады. Бірден бұқараға бет бұрып, сөзден іске кірісті.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Мемлекет басшысы ел азаматтарын саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлмеуге, халық тарапынан айтылған құнды ұсыныстарды қолдауға сөз берді.

Артынша «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасымен жұмысын бастап кетті. Ал Президенттің алғашқы жарлығы халықтың қарызын кешіруге арналды. Осыған сәйкес жарты млн-нан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді.

Шыңғыс Лепсібаев, сарапшы:

- Біздің билік расымен де әлеуметтік саясатты ілгерілетуге бет бұрды. Яғни тұрмысы төмен, тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандардың жанайқайы жоғарыға жетті. Шынын айту керек, бізде кедейшілік әлі де бар. Несие рахымшылығын жариялау, түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындау ел билігінің сол кедейшілікпен күресуінің бір дәлелі.

Президент билік пен бұқараның арасын біртұтас кеңістікке айналдыру үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға пәрмен берді. Ашық алаң аясында үш бірдей жұмыс тобы құрылып, оған елдің сөзін сөйлейтін, жоғын жоқтайтын қоғам белсенділерін тартты. Бір жыл ішінде кеңестің үш отырысы өтті. Үшеуіне де Тоқаевтың өзі төрағалық етті.

Дәл осы кеңестің отырыстарында зейнетке шығу жасын қайта қарау, өлім жазасын алып тастау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселелері айтылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы жасалатын қылмыстарға жазаны қатаңдатуды тапсырды. Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын ескертті.

Ал Парламентке халықшыл оппозиция өкілдерін шақырды. Көшеге көтеріліс үшін емес, көптің пікірін жеткізу үшін шығатын бейбіт шерулерге Президент рұқсат берді. Таяуда қабылданған жаңа құжаттарға сәйкес енді саяси партиялар құруда да кедергілер азаяды және наразылық акцияларын өткізу тәртібі жеңілдетіледі.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

- Бұл – елімізде саяси процестерге азаматтардың қатысуына жол ашатын құжат. Сондықтан екі заңды да Қазақстанның саяси жүйесін эволюциялық жолмен дамытуға бағытталған әдіс және тәсіл деп айтуға негіз бар.

Бізде қоғам басқарудың жаңа моделіне мұқтаж. Өйткені қазір тамыр-таныстың көмегімен қызметте көтерілу, командасымен үдере көшіп жүру кез келген ведомствода бар. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев 300 жастан құралған Президенттік кадрлық резервті жасақтады. Бұл жастар мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда жауапты қызметке тағайындалады. Ел басқару ісіне де араласады. Тоқаевтың бұған дейінгі атқарған басшылық қызметте де кадр таңдауда жаңылыспағанын қатарластары айтады.

Уәлихан Қоңырбаев, қоғам қайраткері:

- Талай дипломаттарды тәрбиеледі. Көбі елші болды, министрдің орынбасарлары болды. Соның бәрін өзі тағайындап, әңгімелесіп, барлығына ақыл беріп, қазір барлығы да үлкен деңгейде қызметтерін жасап отыр. Осы уақыттың ішінде ол өзінің мол тәжірибелілігін халыққа көрсетіп отыр.

Енді әлемді шарпыған пандемия кезіндегі Қазақстан билігі қолға алған шараларға тоқталсақ. Дағдарысты еңсеру үшін 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бұл көмекті 4,2 млн адам алды. Сондай-ақ тағы бір млн-дай жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 млн кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Індетпен күресте дәрігерлердің де орасан зор еңбегі еленіп жатыр. Енді 2023 жылға дейін олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есеге артады. Онымен қоса, алдағы төрт жылда мұғалімдердің де жалақысы екі есеге көбейеді.

Бірақ халыққа керегі құрғақ уәде емес, нақты нәтиже. Сондықтан Мемлекет басшысы өзін уәденің адамы екенін айналасына бірнеше рет ескертті. Реформаның тек реформа үшін жасалмайтынын да о баста айтқан болатын.