Хабар телеарнасы

Үкімет отырысында ел экономикасын қалпына келтіру шаралары қаралды

Көптеген елдің тұрмысы күрт төмендеп, ахуалы өзгерді. Күтпеген кеселден әр ел шама-шарқынша қорғанып бағуда. Бірақ індеттің әуел бастағы қарқыны жоқ. Біраз бәсеңдеді. Осыны пайдаланып қазір әлем аяққа тұруды көздейді. Біздің ел де қол қусырып, қарап отырған жоқ.

Бүгін Үкімет экономиканы қалыпқа келтіру жөнінде онлайн кеңес өткізді. Баспанадан басталып, жұмыспен қамту ісін майшаммен қарады. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Кәсіпкерлерге көмек көрсетілетін болды. Кей шектеулер алынып тасталды. Туризмді түлету жоспарланған. Тіпті 2% үй алуға болатын жоба әзірледі. 6 млн адам жұмыспен қамтылады.

Көптің көкейін кернеген баспана мәселесі. Үкімет үйлі болудың үйлесімді тәсілін ұсынды. Қазір қолданыста бар жобалардан бөлек «2-10-20» бағдарламасы әзірленді. Аты айтып тұрғандай ең төменгі пайызбен 20 жылға пәтер беріледі. Іріктеу азаматтардың санатына емес, нақты табысына байланысты жүргізіледі. Былайша айтқанда, көрпеге қарай көсілу. Айлыққа сай қолжетімді баспана алуға болады.

Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Отбасының әр мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейі 31200 теңгеден келетін отбасы арендалық баспана алады. Отбасының әр мүшесіне күнкөріс деңгейінің екі есе көлемі 62400 теңгеден келсе, олар «2-10-20» бағдарламасына қатыса алады. Әр адамға күнкөріс деңгейінің 3,1 көлемінде 96700 теңгеден келетін табысы бар азаматтар «5-10-20» бағдарламасымен баспана алуына болады.

Енді «5-10-20» пилоттық жобасын іске қосу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Әлеуметтік жобаға үйге мұқтаждар қатысады. Кезекте 600 мыңға жуық адам тұр. Келесі мәселе – жұмыссыздық. Жұмысың болмаса, пәтерді кім берсін? Сол үшін азаматтардың екі қолына бір күрек ұстату – мемлекеттің ұстанымы. Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы 255 мың адам еңбекке тартылады. Жалақысы 85 мың теңгеден кем емес.

Біржан Нұрымбетов, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына 4 айдың өзінде 157 мың адам қатысушы болып тіркелген. Оның 118 мың адамға жұмыс табылды. 58 мың тұрақты жұмыс орыны болып отыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады.

Айтпақшы, «Еңбек» бағдарламасымен кәсіпкерлік негіздері бойынша дәріс алуға болады. Жастар практикасына қатысып, әлеуметтік жұмысқа орналасуға мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін Еңбекпен қамту орталығына тіркелу керек.

Біржан Нұрымбетов, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Кешенді жоспарда жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібін, тәсілдерін жеңілдету және де ахуал өзгеріп жатқан жағдайда еңбекпен қатынастарын реттеу, ішкі еңбек нарығын қорғау, «Еңбек» бағдарламасын жетілдіру, тетіктерін енгізу туралы ұсыныстар көзделген.

Экономиканы қолдау мақсатында Үкімет тарапынан нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Микро, шағын және орта бизнес, салық пен әлеуметтік өтілдерден босатылып, төлемдердің мерзімі ұзартылды.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі:

- Құжат жобасы мүдделі тараптардың бәрімен және бизнеспен, оның ішінде «Атамекен» ҰКП салалық бизнес өкілдерімен мұқият талқыланды. Ұсынылып отырған шаралар бизнеске және микро бизнеске қаржыландыру және жеңілдікпен кредит беру механизмдерін айтарлықтай кеңейтуді, экспорт шығындарын өтеу құралдарын белсенді қолдануды көздейді. Жалпы кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар саланың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ол салаларда 6 млн адам жұмыспен қамтылған.

Үкімет шаруаларды қолдауға басымдық береді. Отандық өнім шығарамын деген кәсіпкерлерге 3 пайызбен несие берілмек. Ол үшін өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады. Одан бөлек микро және шағын бизнеспен айналысамын деген адамдарға 20 млн теңгеге дейін қарыз үлестіріледі. Туризмді түлетіп, азаматтық авиацияға жеңілдік жасалады. Ал құрылыс қарқыны әдеттегідей ілгері жылжи бермек.

Авторы: Бірлік Берікұлы