Хабар телеарнасы

Мәжіліс «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын мақұлдады

Бұл – жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты.

Президент парламенттік оппозицияның ауадай қажеттігін осылай түсіндірген болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Мәжіліс «Парламент пен оның депутаттарының мәртебесі жөнінде» конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Парламенттік оппозиция өкілдері бір сессияда кемінде бір парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасап, кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілей алады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұсынылып отырған жоба алдындағы заң жобасына өзгерістермен қоса парламенттік оппозиция қызметінің және партиялық пікірталастардың берік кепілдігін қалыптастырып, елдің демократиялық дамуында едәуір қадам болады деп санаймыз.

Бұдан бөлек, Мәжілістің жалпы отырысында осы құжатқа ілеспе заң жобасы да қаралды. Оған сәйкес, Мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы мен екі комитетінің хатшылары тек парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан сайланбақ. Заң жобасын әзірлеуде қоғамның барлық өкілінің пікірі ескерілді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев парламенттік оппозиция институты қажет екенін айтып, арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған осы заң жобасында алғаш рет «парламенттік оппозиция» деген ұғым енгізілді. Бұл Парламент тарихында бұрын болмаған, бірақ уақыт талабына сай жасалып отырған өте қажет қадам.

Айта кетейік, парламенттік оппозицияға кіретін фракциялардың басшылары немесе өкілдері парламент палаталарының бірлескен жиындарында, Мәжілістің жалпы отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен басқа да шараларда пікірін білдіре алады.

Марат Бәшімов, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:

- Ең басты мақсат – халықтың пікірін ескеру. Бұл қадам қоғам үніне құлақ асатын мемлекет құру деген Президенттің тұжырымына сәйкес болып отыр. Мәжіліс аз уақыт ішінде дайындаған құжат заң шығару жұмысына жаңа серпін беруі тиіс.

Ел ішінде халықтың қамын күйттеп, қордаланған мәселелерді ортаға салып жүрген белсенді азаматтардың әрекеті күдік-күмәнсіз ескеріледі. «Құжаттың осыған кепілдік беретіні анық», – дейді саясаттанушылар.

Ерлан Сайыров, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:

- Бұл еліміздегі саяси процестерді эволюциялық түрмен дамытудың үлкен үлгісі мен тәсілі болып табылады. Бюджетті бөлу кезінде парламенттік азшылықтың мүдделері де қарастырылатын болады. Еліміздегі әр түрлі әлеуметтік топтардың өмірлік деңгейін көтеруге әсерін тигізетін болады.

Айта кеткен жөн, парламенттік оппозицияға ауысқысы келген саяси партия шешімі туралы мәлімдеп, тіркеуден өтуі тиіс.

Авторы: Индира Жылқайдарова