Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарық көрді

Әңгіме елдегі ахуал төңірегінде өрбіген. Президент өз сөзінде қазіргі күрделі кезеңнен қандай ой түйгенін ашық айтқан.

Бұл індет адамзат тарихын «дейін» және «кейін» етіп екі дәуірге бөлді деуге де болады. Сондықтан Президент ең алдымен «Бұдан кейінгі бағыт-бағдарымыз қандай болмақ?» деген сауалдарға жауап берген.

Қарапайым халық үшін несиені төлеу мерзімі үш айға шегерілгені белгілі. Бірақ Президент: «Жұртшылық арасында «несиені мүлдем қайтармаймыз» деген түсінік қалыптаспауы керек», – деді. Ал жұмыссыз қалғандарға берілетін 42 500 теңге осы айда да жалғаспақшы. Бұл төлемді бүгінге дейін 4 млн-нан астам адам алып үлгерді. Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кешенді шараларды қолға алуды тапсырып отыр.

«Ең алдымен жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз. Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 млн кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 трлн теңгеге дейін көбейтілді».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

«Ал бұдан былай бюджет қаржысына қымбат көлік, қымбат жиһаз секілді басы артық дүние сатып алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге де ақша бөлінбейді. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Ал үнемделген қаражат экономиканы тұрақтандыруға жұмсалмақ.

Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Пандемия еліміздегі денсаулық, білім, ғылым салаларындағы біраз кемшіліктің бетін ашты. Тіпті Президенттің бірқатар тапсырмасының іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып келгенін көрсетті.

Мысалы, төтенше жағдай кезінде онлайн сабақтарды жүргізуге цифрлық жүйеміз дайын болмай шықты. Елдегі интернет сапасы да сыр берді. Індетпен күрес барысында медицинаның осал жақтары да байқалды. Президент: «Қазіргі жағдайдан сабақ алып, бұл салаларды түбегейлі реформалау керек», – дейді.

«Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізуі керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Бұл салаға 200 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ шаруа қожалықтарына 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылып жатыр. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл сайын 10 мың отбасыға пәтер берілетін болады. Сондай-ақ теңгені тұрақтандыру үшін Үкімет пен Ұлттық банк нақты шаралар қабылдауда.

Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Әрине, нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. «Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Пандемиядан кейін дамыған мемлекеттердің өзі барлығын нөлден бастауға мәжбүр. Өйткені экономикалық көрсеткіштері күрт төмендеп кетті. Әрине, жаһандық нөлденуден Қазақстан да айналып өте алмайды. Сондықтан жағдайды тұрақтандыру үшін халықаралық ынтымақтастықты да күшейткен жөн», – дейді Президент. Ал ең жағымды жаңалық, егер індет өршіп кетпесе, төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталуы мүмкін.