Хабар телеарнасы

Н.Нығматулин: Елбасының үндеуі бірлігімізді нығайтады

Nygmatulin Nurlan

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысын ашқан палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай деді. Мәжіліс төрағасы  үндеу коронавирус індеті мен әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты жарияланғандығына тоқталды. Сондай-ақ Елбасының күш-жігерінің арқасында мемлекетімізде болашаққа қажетті қор жинақталғаны атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бұл Үндеу – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда өз халқымен бірге екенін көрсетіп, халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін береді. Себебі Елбасымыздың көреген саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары бірлігіміз артып, елімізде ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасалып, Қазақстанымыз барлық салада зор табыстарға жетті. Сонымен бірге болашаққа арналған Ұлттық қорымыз да  бар. Бұл қазіргі күрделі кезеңде халқымызды, әрбір азаматты жан-жақты қолдауға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ол «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын» бірыңғай оператор етіп біріктіруге бағытталған. Осылайша олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жою және әкімшілік шығыстарын 42% қысқарту көзделген. Депутаттар әзірлеген аталмыш құжат мұғалім, дәрігер, жалпы бюджеттік сала өкілдерінің баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ бүгін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы заң  жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды.