Хабар телеарнасы

Енді бейбіт жиындар арнайы орындарда өткізіледі

Мәжілісте бейбіт жиындар туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта сондай-ақ үгіт-насихат институтын енгізу қарастырылған. Тек ұйымдастырушы бейбіт жиын өткізу туралы ниетін алдын ала айтып, ескертуі тиіс.

Коронавирус қиғылық салған карантинде Мәжіліс ДДСҰ ұсынысын ескеріп отыр. Әзірше палатаның жасы 65-тен асқан депутаттары отырыстарға қатыспайды. Мәжілісмендер орындарына санитарлық нормаларға сай жайғасты. Келісіп пішкен тон келте болмас. Күн тәртібіндегі бейбіт жиындар туралы заң жобасы тоғыз өңірде талқыланды.

Мәжіліс төрағасының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қоғам қайраткерлері, заңгерлер, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өз пікірлерін жеткізді.

Әлеуметтің айтпағы әлеуметтік желіде де қамтылды. Жобада журналистердің көкейіндегісі де көрініс тапты. Осындай қызу пікірталқыдан соң ғана бірінші оқылымда қаралып отыр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін бекіту ұсынылады. Мемлекет басшысы айтқандай, митинг – тек қана құқық емес, сондай-ақ жауапкершілік.

Бейбіт жиындарға арнайы орын белгіленеді. Ал жалғыз адамдық пикет қоғамға қауіп тудырмайды, оны кез келген жерде өткізу ұсынылды. Тек стратегиялық, әскери, өзге де қандай маңызды объектілерде рұқсат етілмейтіні нақты белгіленуі тиіс. Бұдан бөлек заңның үкіметтік нұсқасында тиісті органға барлық бейбіт жиын туралы өтініш, хабарламаны 10-15 күн бұрын жіберіп, оның жауабын 7-10 күн күту керек деген норма бар. Қоғамның пікірін ескерген депутаттар оны қысқартуға құлықты.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Дәурен Әскербекұлы, бұл мерзім тым ұзақ емес пе? Оларды қысқартуға қатысты қандай пікір білдіресіз?

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бұған қатысты қызу пікірталас болды. Жергілікті органдар шешім шығаруға уақыт қажеттігін айтты. Әрине, мерзім бойынша тағы да қарап, кеңесетін боламыз.

Митинг мәдениетін қалыптастыру бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Сондықтан да заңда ұйымдастырушылардың да, қатысушылардың жауапкершілігі, журналистердің де құқығы көрсетілген. Бірақ депутаттар БАҚ туралы заңды қайталайтын кей нормаларды алып тастауды ұсынды. Ал мемлекеттік орган өкілінің сұрауы бойынша журналистің материалдарын тапсыруы туралы норманы Мәжіліс төрағасы алып тастауға кеңес берді.

Ерлан Саиров, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Журналистерге қатысты көптеген қосымша бап болған, осы баптардың барлығы қазір алынып тасталды. Қазіргі таңда заң халықаралық стандарттарға, парасатқа сәйкес. Мәжілістің өзінде еліміздегі адам құқықтарын ұлықтап жүрген азаматтардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.

Қоғам белсенділері оңды-солын елеп екшеп, жұмыс топтарын да бірге онлайн талқылауда.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Әлбетте бізде дөңгелек үстел өтті, ол тікелей эфирмен көрсетілді, бақылап отырдық. Бізге, түгел қоғамға нәтиже керек, өйткені мына 1995 жылғы заң әбден ескірген, жаңа заң керек.

Құжаттың әуелгі нұсқасында «митинг қатысушыларының 250 адамнан аспауы керек» деген норма болды. Президент олардың санын шектемеу туралы ұстанымын айтты. Депутаттар мұны ескеріп, өзгеріс енгізді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне Мәжілісте енгізілген өзгерістер ең алдымен мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Ал екіншіден, азаматтардың кез келген мәселені ашық және еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.

Жоба екінші оқылымға дейін тағы бір пысықталады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин отырыс соңында Nur Otan фракциясы депутаттары Президенттің коронавируспен күрес кезеңінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Міндеттердің толық орындалуын заңнамалық тұрғыда жүзеге асыруда депутаттар белсенділік танытпақ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Есбол Жәмшитов