Хабар телеарнасы

Қызмет бабында қаза тапқан сарбаздың денесі туған жеріне жеткізіледі

Оқыс жағдай Алматы облысындағы әскери полигонның бірінде оқу-жаттығу кезінде болған. Марқұмның жақындарына әскери бөлім тарапынан материалдық және жерлеу рәсіміне қарыжылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қызмет бабында қаза тапқан сарбаз мемлекеттік сыйлыққа ұсынылады.

Қайғылы оқиға 9 тамыз күні кешкі сағат 21:00-де болған. Аяқ астынан қатты дауыл соғып, жауынгерлер жатқан шатырды қиратқан. Темірдің сынығы Алмас Шахимовтың басына тиіп, ауыр жарақат алған. Ол дереу Қонаев қалалық ауруханасына жеткізіледі. Дегенмен дәрігерлер оны құтқарып қала алмады.

8 тамызда басталған Жетігендегі полигонда әскери жаттығуға 250 сарбаз қатысыпты. Дүлей бораннан тағы 14 сарбаз жарақат алған. Куәгерлердің айтуынша, Алмас қаруластарын қауіптен құтқарамын деп жүріп жазым болыпты.

Ақылбек Аманов, қатардағы жауынгер:

- Алмас келіп, үшеумізге бағыт-бағдар көрсетті. 10 метр алдымызда құм салынған оқтан қорғайтын габион болған, соның ығына үшеумізді әкеліп, өзі әрі қарай кетіп қалды. 10 минут өткеннен кейін айналамыз ашық көріне бастады. Сол кезде Алмасты іздеуге шығып кеттім. 10 метр жүргеннен кейін сарбаздың денесін көрдім. Беті жерге қарап жатыр, бері аударып қарасам, Алмас екен.

Алмас Шахимов әскер қатарына биыл мамыр айында қабылданды. Достары тек жақсы қырынан еске алады. Марқұмның туыстарына 500 айлық есептік көреткіш көлеміндегі материалдық және 245 мың теңге жерлеу рәсімі үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Әрине, бұл қазаның орнын толтырмасы анық. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған марқұм Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылмақ. Бұл туралы әскери бөлім басшылығы хабарлады.  

Бекайдар Қазкеев, ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы:

- Осы жағдайға байланысты қазір қызметтік тексеріс тағайындалды. Қорытындысы шыққан соң, заң жүзінде хабар береміз. Алмас қызмет бабында қайтыс болғандықтан, Үкімет тарапынан көмек көрсетіледі. Кеше өте қатты дауыл болады, біз сондай жел болады деген ескертуді алған жоқпыз.

Көкшетаулық Алмас Шахимов 2003 жылы туған. Марқұмның артында ата-анасы мен екі қарындасы қалды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев