Хабар телеарнасы

Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мәдина Ерланқызының денесі табылды

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Бес жасар қыздың денесі Жамбыл ауылынан 3 шақырым қашықтағы жасанды су қоймасынан табылды. Қызды дронды әуеге ұшырған волонтер мен полицей тауып алған. Дәл қазір оқиға орны қоршауға алынды. Полицейлер мен дәрігерлер тиісті сараптама жүргізіпі жатыр. Болжам қыз су қоймасы аумағында ойнап жүрген. Сол кезде аяғы тайып суға батып кеткен.

Ерлан Омарбеков, облыстық ПД бастығы:

- Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасанды су қоймасында Мәдина Ерланқызының мәйіті табылды. Біз соңына дейін бала тірі шығар деп үміттенген едік. Бұл үлкен трагедия бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бүкіл Қазақстан халқының атынан, барлық полиция қызметкерінің атынан Мәдинаның отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қазіргі таңда экспертизалық жұмыстар басталып кетті.

Қыз баланы іздеу жұмыстарына 4 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Ұшақ, тікұшақ, Рудныйдан арнайы мотодельтаплан әуеден барлау жасады. Бірақ үміт ақталмады. Қазір бүкіл іздеу жұмыстарына қатысқан барлық адам үйлеріне қайтты. Әрине, қыздың өліміне не себеп болғаны жайында ақпарат алдағы күні міндетті түрде беріледі.