Хабар телеарнасы

Қара теңіздегі дауыл салдарынан Каспий құбыр консорциумының құрылғылары істен шықты

Күшті желдің салдарынан Каспий құбыр консорциумының Новороссийск түбінде орналасқан екі бірдей жылжымалы айлақтық құрылғы, яғни танкерлерге мұнай құятын станция істен шықты.

«Енді апатқа байланысты қара алтын тасымалы 3 есе төмендеуі мүмкін», - дейді консорциум басшылығы.

Наурыздың 20-сы күні Ресейдің Новороссийск қаласында қатты дауыл болып, біраз нысанға зақым келді. Бұл табиғи құбылыс қара теңізде қатты байқалды. Бес балдық дауылдың салдарынан каспий құбыр концорциумының жылжымалы айлақтық құрылғыларына қатты зақым келген.

Новороссийск маңындағы теңіз терминалындағы жылжымалы айлақтық құрылғылар жабдықтарының кешенін сүңгуірлік тексеру нәтижесі бойынша дауылдан кейін екінші жылжымалы айлақтық құрылғының 9-шы және 13-ші шлангілерінің зақымдануы анықталды. Көрсетілген зақымданулар күрделі деп танылады және құрылғыны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Каспий құбыры концорциумының Новороссийск түбінде осындай үш жылжымалы айлақтық құрылғы бар екен. Әрбірінің салмағы 360 тоннаға жетеді. Дауыл салдарынан соның екеуі істен шықты. «Біреуін қалыпқа келтіру үшін шамамен 1 ай уақыт кетеді», - дейді сарапшылар.

Кирилл Родионов, сарапшы:

- Қазақстанға мұнай экспортын азайтуға тура келеді. Менің есебімше құрылғыларды жөндеу үшін 1 айдай уақыт қажет. Оның өзінде ауа райы қолайлы болуы тиіс. Бірақ экспорттың 1 жылдық көлемімен салыстырғанда шығын аса көп болмайды. Екінші тоқсанда барлығы қайта қалпына келеді.

Айта кету керек, бұл құбыр арқылы еліміздің 80% мұнайы шетелге экспортталады. Уақытша қиыншылықты еңсеру үшін қара алтынды сататын альтернативті маршрут қажет екені анық. Өйткені, қазір Новороссийск түбінде тенкерлердің кептелісі байқалуда.

Асылбек Жәкиев, Petrocouncil мұнай-газ кеңесінің төрағасы:

- Бізде үш альтернативтік маршрут бар. Біріншісі – Кеңес Үкіметінен қалған Атырау-Самара құбыры. 16 млн тонна мұнайды экспорттауға болады. Екіншісі– 20 млн тонна қуаттылығы бар Атасу-Алашаньколь құбыры. Үшінші жолы, танкермен жіберіп Ақтау порты арқылы Бакуге ары қарай Тбилиси-Джейхан мұнай құбырымен батыс Еуропаға жіберуге болады. Осындай маршруттар бар. Бірақ осы жағдай бір ғана экспортты маршрутқа сенуге болмайтынын көрсетті. Тағы да басқа бірнеше альтерантивтік маршрут болу керек.

Жалпы былтыр Каспий құбыры концорциумы арқылы  60,7 млн тонна мұнай сатылған. Оның 53 млн-ы Қазақстанға тиесілі. Сарапшылардың болжамынша, бұл апат әлемдік мұнай нарығында қара алтынның 1 баррелін 150 долларға дейін қымбаттатуы мүмкін.

Авторлары: Риат Шони, Гүлнәр Әміренова