Хабар телеарнасы

«Оператор РОП» басшысы мен Экология вице-министрі ұсталды

Медет Құмарғалиев пара алды деген күдікпен тұтқындалған. Қазір ол елордадағы тергеу изоляторларының біріне қамалды.

Одан бөлек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары болған Ахметжан Пірімқұлов та ұсталған. Кейбір деректерде олардың елден қашпақ болғаны айтылады. Бірақ агенттік қызметкерлері бұл мәліметті растамады. Бұған дейін «Оператор РОП» серіктестігінің күмәнді қызметін Мемлекет басшысы да сынға алған. Жекеменшік мекеме кейінгі жылдары шетелден көлік сатып әкелген жұртқа сол көліктің бағасындай тұратын салық салып, халықтың ашу-ызасын тудырған еді.

Сонымен қатар елордалық полиция өкілдері әлеуметтік желілерде пайда болған «Оператор РОП» ЖШС топ-менеджерлерінің бірінің қайтыс болғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

«Ер адамның мәйітін анықтау бойынша Есіл ауданының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеудің толыққанды өтуі мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.