Хабар телеарнасы

Н. Ноғаев маңғыстаулықтарға үндеу жолдады

Н. Ноғаев маңғыстаулықтарға үндеу жолдады

Шерушілердің қатарына мұнайшылар, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты, «Каскор-Машзауыт» секілді өңірдегі ірі кәсіпорындардың қызметкерлері қосылды. Алаңға жиналған азаматтар бейбіт шеру өткізіп жатқанын айта кету керек. Қандай да бір қақтығыстар байқалмайды. «Митинг кезінде зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлайды облыстық аурухана өкілдері. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев: «Көшеге шыққан халық өз еркімен үйлеріне оралатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданылмайды», - деп уәде берді.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Білместікпен немесе әртүрлі себеппен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтардың қазіргі таңда өз еркімен арандатушылыққа ермей, үйлеріне қайтуын сұраймыз. Егер қазір өз еркімен тарайтын болса, қолданыстағы заң аясында ешқандай шаралар қолданылмайды. Өз тарапымыздан іс-әрекеттердің барлығы заң аясында қатаң бақыланып, жүзеге асырылатынын ескертемін. Біз өз тарапымыздан қалыптасқан жағдайды тезірек шешуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларының аясында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселесіне ден қоямыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес азаматтық және әскери нысандарды қорғау мәселелерін ұйымдастыру және сол объектілерге қандай да бір қастандық немесе жұмыс істеуге кедергі келтіретін мәселелерді болдырмау жөнінде тапсырмалар берілді. Ардақты ағайын, бірігіп осы мәселені шешейік.

Алаңға шыққан азаматтардың нақты талаптары әлі де ресми жарияланбағанын айта кету керек. Бір топ азамат Ақтау мен Мұнайлы ауданын қосатын орталық жолды жауып тастағаны белгілі. Сонымен бірге теміржол вокзалына апаратын жолды да халық бөгеп тұр. Бұл ақпарды Мұнайлы ауданының әкімдігі растады.