Хабар телеарнасы

Қорғаныс министрлігі Ауған жерінде қалған 42 азаматты ұшақпен елге жеткізді

Борттағы 25 адам - Қазақстан азаматы. Олардың 15-і – ересек, қалған 10-ы – бала. Арасында біздің елшілікте жұмыс істеген қызметкерлер де бар. Гуманитарлық операция барысында көрші қырғыз елінің өтініші бойынша олардың 14 азаматы эвакуацияланды. Бұдан бөлек Қазақстан Елшілігінен көмек сұраған, 1 Ресей мен 1 Литва азаматы Ауғанстаннан шығарылды. «Ахуал ушығып тұрған аймақтан бір топ адамды алып шығу оңай болмады», – дейді мамандар.

Ербол Шәкіров, ҚР Ауғанстандағы әскери атташесінің көмекшісі:

- Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек Америка құрама штаттары және Нато ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ған қонуға рұқсат алып отыр. Оған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын отырғыза алды. Қазақстан Президенті мен Қорғаныс министрлігіне жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін.

Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев 14 қырғыз азаматын Ауғанстанда тастамай, оларды ерте келгені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Айта кетейік қазіргі таңда Ауғанстанда 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады. Шамамен 200 адам. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадяров мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдегі этникалық қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тарихи Отанына қайтаруға көмек көрсету бойынша арнайы тапсырма берген. Қазір Кабулда біздің елдің оншақты дипломаты штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында азаматтардың этникалық қазақ екенін анықтайтын арнайы комиссия бар.

Айбек Смадяров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп, қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз. Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өзін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топтар көбейіп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Кейбірі қазақ тілін білмейді. Сондай-ақ ата бабаларының Ауғанстан ауданына қоныс аудару тарихы мен ру, тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу туралы өтініштеріне мұқият тексеру жүргіземіз.