16:00Эфирде: Телесериал «Позывной «Стая»
18:00Әрі қарай: «Нитро Раш» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Көктемгі құс ату маусымы: заңсыз үйрек ату тыйылмай тұр

  • Категория: Оқиға
Көктемгі құс ату маусымы: заңсыз үйрек ату тыйылмай тұр

Григорий Харин 18 жасынан аңшылықпен айналысады. Бүгінде жасы 60-тан асқан. Алматыда тұрады.

Алматыдағы аңшылар қоғамында көктемгі құс ату маусымына берілетін жолдамалар таусылып қалыпты. Сол себепті Талдықорған асып, арынды Ақсу жағасын бетке алуға тура келген. Жанында екі серігі мен Чара есімді иті бар.

Григорий Харин, аңшы:
- Әлемді жайлаған пандемия салдарынан аңшылық шаруашылықтары қорқасоқтап, биыл жолдаманы аз алған сияқты. Еңбекшіқазақ ауданында үйрекке берілетін рұқсат қағазы аңшылық маусымы ашылмай тұрып-ақ таусылып қалды. Мен мүшелік жарнамды төлеп отырмын ғой. Көктемде құс атайын деп келсең, «жолдама жоқ», – дейді. Менің ойымша лимитті ұлғайту керек.

Ильгам Клышбаев, ауданаралық аңшылар және балықшылар қоғамының қызметкері:
- Мысалы, бір шаруашылықта 800 үйрек атуға рұқсат етілсе, сол белгіленген лимиттің 5 % ғана көктемгі құс ату маусымына бөлінеді. Заң бойынша солай.

Браконьерлікке келер болсақ, бұрынғыдай емес, біртіндеп азайып келеді. Себебі рейдтік бақылау жиі ұйымдастырылады.
Адамдар арасында аңшылық мәдениеті дұрыс қалыптасып келеді. Өйткені кәсіби және әуесқой аңшылар мұндай жорыққа ет дайындау үшін емес, қым-қуыт тіршіліктен бір ауық ми сергітіп, әсем табиғат аясында демалу үшін шығады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Аңшылық оқшантайды оққа толтырудан емес, аңшылар қоғамына барып, аң-құс атуға арналған рұқсат қағазын алудан басталуы керек. Онымен қоса, төс қалтаңызда аңшы куәлігі мен оның жанында мылтықты сақтап және алып жүруге арналған рұқсаттамаңыз болуы тиіс. Бұл құжаттарсыз аң атсаңыз, заң алдында жауапқа тартыласыз.

Алматы облысындағы шаруашылықтарда кісі басына жабайы үйректің үш кежегін атуға рұқсат беріледі. Лимиттен асып кетсеңіз немесе аталығының орнына аналығын атып алсаңыз, әр үйрек үшін 12 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығын мен айыппұлды өтеуге тура келеді. Бұл шамамен 36 мың теңге. Сондықтан аңшылар заңды белден басып, артық ақша төлегенше, 4,5 мың теңгеге рұқсат қағазын алып, су жағасында демалғанды жөн көреді. Себебі инспектор мен қорықшылардан қашып-пұшып жүріп жасаған аңшылық – аңшылық емес.

Роман Коршунов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:
- Құс ату маусымы басталғалы бері оннан астам заңбұзушылықты анықтадық. Әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс өндіріске жолданды. Азаматтар көбіне қолға үйретілген барқылдауық үйрек пен жабайы құстардың тұлыбын суға отырғызбастан аңға шығып кетіп жатыр. Бұл заңға қайшы.

Талдықорған маңындағы 4 аңшылық шаруашылығында 20 наурызға дейін құс атуға болады. 20 наурыздан бастап 3 сәуірге дейін Қаратал өзенінің төменгі сағасы мен Сарқан ауданындағы шаруашылықтарға жолдама беріле бастайды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев