16:00Эфирде: Телесериал «Позывной «Стая»
18:00Әрі қарай: «Нитро Раш» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Сергеевка ауылының жеті тұрғыны құрылыс компаниясына алданды

  • Категория: Оқиға
Сергеевка ауылының жеті тұрғыны құрылыс компаниясына алданды

Кісі ақысын жеу қашанғы жалғаса бермек?!

Ақмола облысында жеті азаматтың жаз бойғы адал еңбегі елеусіз қалайын деп тұр. Сергеевка ауылының тұрғындары мектептің шатырын жөндеу жұмысына тартылған екен. Алайда тендерді ұтып алған компания олармен келісім-шартқа отырмапты. Енді заң алдында сытылып кетейін деп тұр.

Елуді еңсерген Дулат Амантаев: «Осы жасқа келгенде осындай келеңсіз жағдайға кезігемін деп кім ойлаған?», – дейді. Себебі жаздың аптап ыстығында жасаған еңбектері еш кеткендей болып отыр. Жұмысшылардың айтуынша, олардың «келісімшартқа отырайық» деген ұсынысына жұмыс беруші: «Құжаттың үлгісін кейінірек электронды поштамен жіберемін», – деп сендірген. Алайда мердігер сол кеткеннен мол кеткен.

Дулат Амантаев, Сергеевка ауылының тұрғыны:

- Міне, біздің жасаған шатырға қараңызшы. Бұл оңай жұмыс емес әрі өмірге де өте қауіпті. Оның үстіне күн де ыстық болды. Бірақ біз сол қиындықтың бәріне қарамастан, жұмысты үш аптаның ішінде бітірдік. Себебі отбасымызды асырауымыз қажет.

Ал жобалық құны 7-8 млн теңге болатын тендерді жеңіп алған компания басшылығы «сендер екі апта ғана жұмыс істедіңдер, сондықтан келісілген сомаға лайықты емессіңдер» дейтін көрінеді. Ауылдықтар аталған мәселені айтып, талай жердің табалдырығын тоздырған. Тіпті сотқа да шағымданыпты. Бірақ нәтиже жоқ.

Шатырдың құрылысымен айналысқан жеті жұмысшының арасында екі мектеп мұғалімі де бар. Олардың бұл істі қолға алғанын білім ошағының директоры да біледі. Тіпті басында барлығы бірге кездескен. Бірақ бәрі жүріп, мердігерді бір тілім қағазға қол қоюға көндіре алмапты.

Гүлден Қажығұлова, Сергеевка ауылдық мектебінің директоры:

- Мен ол кісіні келіп тұрады деп ойладым. Мұндай боларын білген жоқпын. Осындай жұмыс болғандықтан, құрылыс заттарын да өзі әкеледі деп ойладық.

Осы жобаға мемлекеттік тапсырыс берген аудандық білім бөлімінің жетекшісі: «Мен бұл мәселені мердігерге тиісті ақшасын аударып қойғаннан кейін ғана білдім», – дейді. Ал жұмысшылардың еңбекақысын төлемей отырған мердігер болса, телефонның арғы жағынан сотта оларға қанша беретінін айтты. Алайда ол келісілген соманың жартысы ғана. Сондықтан жұмысшылар мұнымен келіспей отыр. Құзырлы органдардан қайыр көрмеген құрылысшылар енді кімнен барып көмек сұрарын білмей дал.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ...