Хабар телеарнасы

Өзбекстан Мақтааралдағы тасқын судың салдарын жою үшін көмек береді

Бұл туралы көрші елдің басшысы Шавкат Мирзиёев мәлімдеді. Түркістан облысындағы төтенше жағдайдың зардабын жою үшін осы елдің үкіметі қазақстандық тараппен қоян-қолтық жұмыс істеуге ниет танытып отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

- «Өзбекстан апат салдарынан болған шығындарды өтейді» деген әңгіме айтылып жатқан жоқ әзір. Дәлірек айтсақ, өзбек билігі бұл туралы ресми хабарлаған жоқ. Бір білетініміз, көршілер еліміздің оңтүстігіндегі тасқын судың салдарын жою үшін «қолдан келгенше, көмек беруге дайынбыз» деп отыр. Кеше кешкісін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев осылай деді. Оның айтуынша, Мақтаарал ауданындағы жағдайды жақсарту үшін Өзбекстан үкіметі қазақстандық әріптестерімен тығыз жұмыс істейді.

Осыдан бірнеше күн бұрын қос мемлекеттің басшылары телефон арқылы Сардоба су қоймасындағы ахуал туралы сөйлескенін естеріңізге сала кетейін. Ал кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев бастаған делегация оқиға орнына барып, жағдайды жан-жақты зеттеген еді.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Біз бауырлас қазақ халқымен бір өзеннен су ішкен едік, біз туыс сияқты жақынбыз. Біз әрқашан жарқын сәттерде де, сынақ кезеңдерде де бір-бірімізді қолдап келеміз. Бұл күтпеген техногендік апаттың біздің халыққа ғана емес, көрші бауырлас елдегі елді мекендерге де зиян келтіргеніне өкінеміз. Біздің үкімет, тиісті министрліктер мен ведомствалар, әкімдіктер, басқа да шенеуніктер мен сарапшылар өздерінің қазақстандық әріптестерімен бірге тасқын судың салдарын жою мақсатында тығыз жұмыс істейтін болады. Біз қазақстандық бауырларымызға табиғи апаттың салдарын жоюға қажетті көмек беруге дайын екенімізді білдірдік.

Жасын Біркенов, тілші:

- Сардоба су қоймасындағы апаттың нәтижесінде 22 елді мекеннен бас-аяғы 90 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгінде олардың жартысынан көбі өздерінің үйлеріне оралды. Кейбіреулері туған-туыстарына көшіп барған. Жалпы тасқын судан 4 адам қаза тауып, бір адам із-түзсіз жоғалғаны белгілі. Қазір келтірілген шығын есептеліп жатыр. Балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер, мешіттер, көпірлер мен тасжолдарға зақым келгені анық.

«Бөгетті нөсер жаңбыр мен қатты жел бұзуы мүмкін» деп топшылап отыр жергілікті билік. Бірақ апаттың себебін күні бұрын айтуға әлі асықпау керек. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал бұл оқиғадан кейін өзбектердің көкейін сан сауал мазалап жүр. «Дамбаның жарылуына шынымен де күн райы себеп пе, жоқ әлде бөгет сапасыз салынған ба?» деген тақырыпта пікірталастар жүріп жатыр. Тіпті Сардоба су қоймасының құрылысына атсалысқандарды айыптап отырғандар да баршылық. Енді Өзбекстан Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің барлығына сараптама жүргізу үшін халықаралық сарапшыларды шақырмақ. Ал қазір тиісті органдар елде бар гидроэнергетикалық нысандар, бөгеттер мен су электр стансаларының бүкілін тексеруге кірісті. Нөсер жаңбырдан бұлар да эрозияға ұшырауы мүмкін деген ой айтылып жатыр.