Хабар телеарнасы

Түркістан облысындағы су астында қалған үйлер қалпына келтіріледі

Әсіресе Жаңатұрмыс елді мекенінде 17 сантиметрге дейін түсті. Ал Жеңіс, Өргебас ауылдарында су деңгейі 11-ден 14 сантиметрге дейін азайған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр апаттан зардап шеккен ауданда болды. Су басқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, мемлекет тарапынан тиісті көмек жасалатынын айтты.

Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мақтааралдықтармен кездесуінде: «Ел Президенті қызыл судан зардап шеккен бір де бір мақтааралдық көмексіз қалмайтынын айтты», – деді. «Сол себепті сіздерден тек түсіністік танытуды сұраймын. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Президент Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсырды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Президенттің тапсырмасы бойынша 685 үй саламыз. Автожолдар, инженерлік коммуникация саламыз. Бәрі жақсы болады.

Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылған болатын. Оны Роман Скляр басқарады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен құрамында орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары бар жұмыс тобы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Комиссия шұғыл түрде шығын көлемін есептеуге кірісті. Ең алдымен инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым қолға алынады. Сосын қираған үйлер қалпына келтіріледі.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Үй, мүлік мәселесі. Біз арыстағыдай әр адамға өтемақы төлейміз. Қанша болатынын комиссия шешеді. Одан кейін мал мәселесі. Мамандармен бірге шығынын есептеп, малдың бәрін өтеп береміз. Егіс мәселесі, мақта, көкөніс па? Қанша шығын кетті, оны да өтеп береміз.

Одан кейін комиссия мүшелері көмекке келген Өзбекстан елінің өкілдерімен кездесті. Су астында қалған ауылдарды тазалауға көрші елден келген 50-ге жуық техника жұмылдырылды. Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы сарқынды судың деңгейі төмендей бастады. Әсіресе Жаңатұрмыс елді мекенінде 17 сантиметрге дейін түсті. Ал Жеңіс, Өргебас ауылдарында 11-ден 14 сантиметрге дейін азайған. Бірнеше күннен бері қызыл сумен алысып жатқан мамандар мұндай өзгеріс өңірдегі Арай ауылында да байқалғанын айтып отыр. Сондай-ақ атқарылған қыруар шаруаның арқасында сарқынды су Шұғыла ауылындағы коллекторда 5, Нұрлы жол ауылы маңындағы каналда 8 сантиметрге дейін төмендеген.

Мақтааралға қосымша күш тартылды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Жамбыл және Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан қосымша күш барды. 150 адам, 22 техника, 35 мотопомпа, 9 қайық төтенше жағдай зардабын жоюға жұмылдырылды. Көмекке жеткен күштік құрылымдар 2 млн текше метр суды сорғызып, құм салынған 80 мыңнан астам қап төсеп үлгерді. Одан бөлек, Мақтааралға Алматыдан Ұлттық ұланның әскери 160 сарбазы мен 15 техникасы бара жатыр. Оқиға орнында жалпы жиыны мыңға жуық адам мен 180 техника жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына Түркістандағы жоғарғы оқу орны да гуманитарлық көмек жөнелтті. Университет басшыларының қолдауымен 10 тонна азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттары жеткізілді.

Су басқан аумақтан әкесі мен балалары құтқарылды

Сондай-ақ Мақтааралда құтқарушылар әкесі мен екі ұлын құтқарды. Таңертең Жантақсай ауылының тұрғындары – 1975 жылы туған ер адам, 2001 және 2005 жылы туған екі ұлы үй малын іздеп шығып, су басқан аумақта жоғалып кеткен. Бұл туралы ауыл тұрғындарын эвакуациялау кезінде белгілі болған. Құтқарушылар дереу моторлы қайықпен жоғалған азаматтарды іздеуге кіріскен. Арада екі сағат өткенде оларды Өзбекстанмен шекаралас аумақтан тауып, қауіпсіз жерге аман-есен жеткізді. Әкесі мен балалар аман-есен туыстарына оралғаны үшін құтқарушыларға алғыстарын айтты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш