Хабар телеарнасы

Өскеменде АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонды

Олардың төртеуі толық тексеруден өтіп, үйлеріне қайтты. Ал бір медицина қызметкері басы мен бұғанасынан жарақаттанған. Қазір ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

«Өрлен-2000» компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы соңғы жылдары шығыста санитарлық авиация саласында қызмет көрсетіп келеді. Негізінен алыс ауылдар мен аудандарға ұшқан. Бұл жолы Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылындағы 4 айлық нәрестені облыс орталығына жеткізу мақсатында Өскемен – Ақсуат бағытында ұшып шыққан. Бірақ арада 5 минут өткенде қозғалтқышынан ақау шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болады. Ал бортта жалпы 5 адам отырған.

Төлеген Иманбаев, апаттық медициналық құтқару орталығы ШҚО филиалы бастығының орынбасары:

- Ұшақта 5 кісі болған. Екеуі ұшқыш, біреуі бортсерік, екі медициналық қызметкер болды. Біздің қуанышымызға орай төртеуі де аман. Бірақ кішкене жарақаттар бар. Арнайы бригада жарақаттарын тексеруге алып кетті.

Ұшақ Прапорщиково ауылы маңындағы жазық даладағы қалың қардың үстіне келіп қонады. Аударылып отқа оранған әуе көлігінің ішінен 5 адам өз күштерімен шыққан.

Олжас Керейхан, тілші:

- Бұл жердегі қардың қалыңдығы шамамен 1-2 метр болады. Мамандардың айтуынша ұшақтағы адамдардың аман қалуына да өз септігін тигізген. Қазір құтқару жұмыстары аяқталды. Енді тергеу басталды. Ұшақтың апатқа ұшырауына не себеп болғаны анықталады.

Суық хабар түскен бойда барлық құзырлы құрылым суыт жетіп, 2 экипаж бен 3 медицина қызметкерін ауруханаға жеткізді. Бірден медициналық көмек көрсетілді. Төрт адамның 12 мүшесі сау болғандықтан, бірден үйлеріне қайтарылды. Тек біреуі ғана ауруханада.

Владимир Ли, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ауруханаға жатқызылған зардап шегушінің бұғана сүйегі зақымданған. Дегенмен ұшақтың осындай қауіпті қону сәтін ескерсек, жеңіл жарақат деп қарауға болады. Сондықтан біздің дәрігерлердің жіті бақылауында.

Зардап шеккендердің бірі – Рафаил Халитов. «Енді бұл күнді өзімің екінші туған күнім деп қабылдаймын», – дейді. Дегенмен ол: «Қашан да қызметіміз қауіп қатерге толы болғандықтан, мұндай оқиғаға іштей дайын жүреміз», – дейді. 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азамат ұшқыштың жылдам әрі дұрыс шешім қабылдағанына риза. Өйткені маңайдағы ауыл тұрғындары да, борттағы жолаушылар да дін аман.

Рафаил Халитов, зардап шегуші, Өскемен қалалық санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі:

- 10 минуттай қалыпты жағдайда ұштық. Содан кейін қозғалтқыштан ақау шықты. Ұшқыш жазық далада, қалың қарға шұғыл қона бастаған сәтте ұшақ аударылып, өрт шықты. Аударылар кезде барлығымыз қауіпсіздік белдігімен болдық. Бірден оны шешіп, есіктен шығып, қауіпсіз аймаққа жүгірдік.

Өте қауіпті жағдайда қонған ұшақтағы өрт өршімес үшін Өскемендегі өрт сөндіру, полиция және медицина саласының мамандары толық жұмылдырылды. Оқыс оқиға болған жер бірден қоршалды. Ал ұшақтың қай жылы шыққанын, қанша сағат ұшқанын, техникалық жағдайы қалай болғанын арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин, Аслан Төлепов