Хабар телеарнасы

Еліміздегі бірнеше театрда акустика нашар

Бұл көрерменнің қойылымнан ләззат алуына тікелей әсер ететін фактор. Мұндай жайттың орын алуына не себеп, қай өнер ордалары бүгінде дыбыстан зардап шегіп отыр?

Абай неге айғайлайды, Баян сұлу неге шыңғырады? Дәл осылайша дабыл қаққан белгілі журналист жаңадан салынған Қаллеки театрының талапқа сай емес екендігін айтады.

Махат Садық, қоғам қайраткері:
-Сырты жылтыр, іші түк жоқ деуге болады. Ешқандай дыбыс естімейсің. Абайдың спектаклін қарадым, Нұркен Өтеуілов пен Тілектес Мейрамов керемет мықты әртістер, дауыстары деген олардың ғажап. Бірақ сол дауыстарын ести алмайсың. Дыбыс жоқ.

Бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз Қаллеки театрына сұрау салдық.

Айболат Жанғалиұлы, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры:
-Біздің тілімізбен айтатын болсақ жанадағыдай провал, звуковой яма деген нарселер болады. Сол бізде өзіміздің залда байқалады. Енді оның орнын толтыру үшін микрофондар, дыбыс зорайытқыш, күшейіткіш дүниелердің бәрін жан-жақтан қосып жұмыс жасап жатырмыз. Жаңағыдай микрофон қою, басқада қондығылар арқылы дыбыстарды күшейту бәрібір ол кішкене болса да жасандылыққа апарады. Сондықтан спектакльдің сапасын төмен түсіретіндігі біздің жанымызға батады.

Бұл жанға батар жайт еліміздегі бірнеше театрларға қатысты мәселе. Құрылыс кезінде сапалы жүргізілген акустика ғимараттарды қайта жөндеуден кейін нашарлап кеткен.

Ая Қалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Абай атындағы опера және балет театры Кеңес Одағы жылдарынан бері ең керемет театрлардың санатында. Акустикасында да мін жоқ болды. Бірақ 2000 жылдары жасалған күрделі жөндеу жұмыстарынан соң дыбыс дұрыс естілмейді. Бұл көрермен үшін үлкен дерт. Әрине талантты әртістеріміз ол кемшілікті білдірмеуге тырысады. Десе де, реконструкция жасалу керек деп ойлаймын.

Акустика-үлкен ғылым. Оны құрылыс басталмас бұрын жоспарлау, жобалау кезінде жүргізу қажет. Біз құзырлы мекемеге сұрау салып, Қаллеки театрының қалай қабылданып алынғанын білдік.

Алтынгүл Нұрбекова, ҚР МСМ Театр өнері басқармасының басшысы:
-Театр ғимаратының құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы қаржыландырды. Ғимараттың жалпы құны 31 миллиард теңгеден асады. Ғимаратты 2021 жылдың 5 қаңтарында сыйға тарту шарты негізінде сол кездегі директоры қабылдаған болатын.

Ал ғимаратты салған компания бізге сұхбат беруден бас тартты. Созбалаңға салып, соңында: «Егер министрлік кемшіліктің орнын толтыру керек деп шешім шығарса, біз дайынбыз», — деген хат жіберді.

Бұл театр көздің жауын алады. Самсап тұрған шамдар, түрлі өрнектер, ішіне кірсең шыққысыз. Ғимарат 30 млрд теңгеден астам ақшаға салынған. Қыруар қаржы жұмсалса да акустикасы сын көтермейді. Театрдағы ең бастысы дыбыс екенін ескерсек, бұл мәселе жуық арада шешімін табар деген үміттеміз. Бастысы — шенділер құлақ асса.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Самат Сүлейманов