Хабар телеарнасы

«Бақыт» көркем фильмі экранға шықты

72-ші Берлин Халықаралық кинофестивалінің «Панорама» бөлімі бойынша бас жүлдені жеңіп алған «Бақыт» көркем фильмі алматылық көрерменнің назарына ұсынылды. Продюсер Баян Мақсатқызы мен режиссер Асқар Ұзабаевтың картинасы қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын арқау еткен. Фильмнің алғашқы көрсетілімі Kinopark 11 IMAX ESENTAI кинотеатрында өтті. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Ең сорақысы – зорлықшылдың әрекетін жасырып, жабатындар көп. «Азап көрген тағдырлар туралы фильм түсіру сән қуу немесе тенденцияға ілесу емес, бұл қоғамға ащы шындықты жеткізу әрекеті», – дейді фильм авторлары.

Баян Мақсатқызы, продюсер:
-«Бақыт» көркем фильмі ең алдымен қоғамның оянуына түрткі болады деп ойлаймын. Тұрмыстық қысымға көз жұма қарауды тоқтатудың басты триггері десек болады. Ал бұл киноны көргеннен кейін әр адам ой таразысына салады. Тіпті жәбірлеушінің көзқарасының өзгеретініне күмән жоқ.

«Бақыт» фильмі бір отбасындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан зорлық-зомбылықтың ауыртпалығын баяндайды. Тұрмыста қысым құрбандар соңында өздері жазалаушыға айналады. Фильмде басты рөлдерде Лаура Мырзахметова, Ерболат Әлқожа, Алмагүл Қазыхан, Шынар Жанысбекова ойнайды.

Ерболат Әлқожа, актер:
-Ең қиын сахна — әйелді ұру. Жалпы бұл фильм біздің Қазақстандағы екінің бірі деп айтсақ, артық айтпаймыз енді, сондай отбасылар бар ғой. Соның бәрінің көрсеткіші ғой, жалпы жиналған. Өзім енді ондай нәрсені қаламаймын. Сол себепті мен осы фильмге түсуге келістім.

Отбасындағы ұрып-соғу, қорлау бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ трагедия. Фильмге шетелдік кинотанушылардың назар аударғаны да сондықтан. Әлеуметтік драманы KINOPARK кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон