Хабар телеарнасы

Алматыда Фархат Әбдірайымовтың туған күніне орай еске алу кеші өтті

Шараға жиналғандар ең алдымен Фара туралы естеліктерге толы «Досым» деректі фильмін тамашалады. Сондай-ақ 1999 жылы экранға шыққан «Фара» көркем фильмі көрсетілді. Кеш ESENTAI ойын-сауық орталығындағы Kinopark 11 IMAX залында өтті.

Фархат Әбдірайымовтың туған күнін дос-жарандары мен туған-туыстары атаусыз қалдырмады. «Ол жан-жағындағы адамдарға үнемі жақсылық жасауға ұмтылатын. Жүрген жері әзіл-күлкі болатын. Қандай қиын жағдай болсын одан оң шешім табуға тырысатын». Достары Фараны осылай деп еске алды.

Фархат Шәріпов, кинорежиссер: 
- Мен Фараны бұрыннан танимын. Ол менің студент кезімдегі жұмыстарыма түскен. Содан кейін ең алғашқы толық метражды «Қызғылт түсті қоян туралы ертегі» деп аталатын фильмде ойнады. Туған күнінде үнсіз қалуды жөн көрмедік. Өзіміз деректі фильм түсіріп, досымызды еске алдық. Амал нешік? Оның алға қойған жоспары өте көп еді.

Алғашында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алған Әбдірайымов қалың көпшілікке «Фара» киносы арқылы жақсы таныс. Фильмнің сәтті шыққаны соншалық бұдан соң оны Фара деп атап кетті. Ол 1994 жылы «Кімнің жаны нәзік болса» фильмінен бастап, «Шанхай», «Махаббат тәлкегі»,«Шекара», «Гейзер», «Рэкитер-2», сынды жалпы саны 20-дан астам туындыға түсті.

Сергей Әзімов, кинорежиссер: 
- Фара халықтың сүйіктісі болады. Себебі қарапайым халықтың мұңын да, ойын да, тұрысын, жүрісін де бір керемет образын сомдап халықтың сүйіктісі, халықтың мақтанышы деп мен кәміл сенем. Оны көрермен халық ешқашан ұмытпайды.

Фархат Әбдірайымов 2021 жылы 21 мамырда Грузияда түсірілім кезінде дүние салды. Соңғы түскен киносы «Махаббаттан да маңызды» деп аталады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов