Хабар телеарнасы

Мұхтар Әуезовтің 55 томдық шығармалар жинағын электронды нұсқада оқуға болады

Атақты қаламгер, шебер суреткердің туғанына 125 жыл толып отыр. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мерейтойға орай осындай игі істерге ұйытқы болды. Сонымен қатар институт жанындағы жазушының әдеби-мемориалдық музейіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы 10 жылында осы үйде тұрған. Нақтырақ айтсақ, ол 1951-1961 жылдар. Екі қабатты баспананы жазушы өзі салдырған. Бүгінде бұл әдеби-мемориалдық музей-үйі қазақ мәдениетінің қарашаңырағына айналды. Қаламгер «Абай жолы» эпопеясын дәл осы үйде жазып бітірді. Биыл эпопеяның жарық көргеніне 80 жыл толды. Мұнда қаламгердің ең қымбат мұралары мен қолжазбалары сақталған. Жазу үстелдері мен баспа машинкасына дейін сол қалпында тұр.

Салтанат Мұқатаева, бас ғылыми қор сақтаушы:
-Үлкен ғылыми қорымыз бар. Бұл қорда 73 мыңға жуық заттар бар. Оның ішінде 57 мыңға жуығы Мұхтар Әуезовтың өзінің қолжазбалары. Сондай-ақ кітаптары мен журналдары осы 57 мың болып отыр. Сондай-ақ 6 мыңға жуық жәдігерлер бар. Яғни өзінің ұстаған, сондай-ақ өзінің туыстарының, балаларының хаттары деген сияқты 6 мыңға жуық хаттар.

Алматы Мұхтар Омарханұлының өмірінде ерекше орын алады. Оның саналы ғұмыры осы шаһарда өтті. Еңбектерінің басым бөлігін осында жазды. Әдебиет және өнер институтының қабырғасын өзі қалады. Кейін оған есімі берілді. Жазушының 100 жылдығына орай 50 томдық шығармалар жинағы жарық көрген.

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:
-Тағы да 5 том қосып Мұқаңның қолжазбаларын қосып, мұрағаттардағы жаңа табылған деректерді қосып, 55 том қылып дайындап отырмыз. Сонымен қоса таңдамалы шығармалар жинағы «Абай жолы» 4 баспадан жарық көргелі отыр. Былайша айтатын болсақ, Мұхтар Әуезовтың шығармалары халыққа кеңінен танымал, әлі күнге дейін оқылатын мұра. 

Мерейтойға орай Мұхтар Әуезовтың «Америка әсерлері» очеркі қазақ және ағылшын тілдерінде кітап болып басылып шықты. 1960 жылы ол КСРО жазушыларымен бірге Америкаға барып, бір ай сонда болған. Кітап осы сапар жайын баяндайды.

Ананд Кришна, АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулдығының кеңесшісі:
-Мұхтар Әуезов сапарда жүрсе де көрген-білгендерін үнемі жазып отырған. Екі елдің айырмашылығы мен ұқсас жақтарын да қойын дәптеріне түртіп жүрген екен. Жазушы 1961 жылы қайтыс болып, туындысы аяқталмай қалған. Онда Америка Әуезов көзімен баяндалады. АҚШ консулдығы еңбектің шығуына қолдау көрсетті. Сондай-ақ оған жоба авторлары мен жазушының музейі де атсалысты.

Сондай-ақ  Ұлттық кітапханада «Мұхтар Әуезовты оқимыз» халықаралық байқауы мәресіне жетті. Шара жыл басында қаламгердің 125 жылдығына орай жарияланған. Онда байқау талабын орындаған Алматы облысының Қарасай аудандық кітапханасы үздік деп танылды. Жеңімапаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Мұхит Құдықбаев