Хабар телеарнасы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде тойланбақ

Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады деп жазған. 

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін». Өз ғасырынан оза туып, тағдырын ұлтына арнаған ұлт ұстазы жас күнінен осындай ұстаным ұстанды. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек» деп елін оқуға шақырған, «Масадай» ызыңдап, жұртын ұйқыдан оятқан, қазақ мектебінің іргесін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының тау сілеміндей мол мұрасы шексіз. Ұлтын сүйген ұлы жүрек ғұмыр бәйгесінде тіл мен ғылымның өз бәйгесін алуға да елеулі үлес қосты.

Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы:
-Әкем марқұмның маған айтқан сөзі бар еді «Ахаң түбі ақталады». Ол қазағымыздың тойы болады, қазақ боп атап өтеді оның есімін деп. 6-7 жыл өткеннен кейін әкемнің сөзі шындыққа айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Торғайға барады деп жақсы жаңалық естіп жатырмыз. Ұлт ұстазы деген шындығында да Ахаңға жай берілген жоқ. Әрине, қазақта ұлылар көп. Бірақ ұлылардың көбісі өзінің ұлылығын ғана жазып қалдырған болса, ол кісі қазақтың болашағы, тәуелсіздігі үшін әрекет еткен санаулы көсемдеріміздің бірі.

Қазақтың рухани көсемі атанған алаш ардақтысы, ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына — 150 жыл. Алаштың арда азаматының мерейтойы Қазақстан түгілі, ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде ауқымды тойланбақ. Бұған Үкімет арнайы жалпыреспубликалық жоспар да бекіткен. Соның аясында жер-жерде 63 пункттен тұратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ең әуелі Ахаңның туған өлкесі — Қостанай облысына қарасты Торғай, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарында ақындар айтысы, бәйге, көкпар, жастар форумы өткізіледі. Ақынның құрметіне Торғай ауылында еңселі ескерткіш орнатылады. Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға атты ғылыми конференция өткізу жоспарланған. Дәл осы күні ақынның атымен аталатын ауылдағы музей үйі есігін айқара ашады. Публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахаңның құрметіне елімізде айтыс, мүшәйра, фестиваль, конкурс форматындағы республикалық және өңірлік деңгейдегі 12 байқау өткізілмек.