Хабар телеарнасы

Алматыда «Казахи против прищельцев» фантастикалық фильмінің тұсаукесері өтті

Кино «Казахи против прищельцев» деп аталады. Ол қалың көпшілікке арналған. Фантастикалық комедия бағытында түсірілген фильм адами ізгі қасиеттерді насихаттайды. Киноның тұсаукесері Алматыдағы Kinoplexx Saryarka кинотеатрында өтті.

Киноның тұсаусері басталмас бұрын актерлар мен эстрада әншілері  қызыл кілеммен жүріп өтті. Ал фильм желісі өзгепланеталықтың төңірегінде өрбиді. Ол мұнда осыдан 20 жыл бұрын мұнда келген. Сол кезде жер қоры туралы дерек жинайтын құрылғы тастап кетеді. Бұл жолы соны алып кетуге келеді. Бірақ кемесі апатқа ұшырап кері қайта алмай қалады. Сөйтіп, Шолпанмен танысады. Кино желісі осы екі кейіпкердің төңірегінде өрбиді.

Бауыржан Сатов, актер:

- Қиын болды, өйткені өзгепланеталықты ойнамас бұрын оны түсіну керек, зерттеу керек. Ойлаңызшы, ол бөлек әлемнен келген құбылыс. Осы жанрдағы киноларды көрсін деп кеңес берді. Соларды көріп, барынша зерттеуге тырыстым. Енді  бағасын көрермен бере жатар.

Фильмнің режиссері – Ален Ниязбекова. Ол бұған дейін осы продюсерлік компанияның бастамасымен бірнеше кино түсірген. Оның барлығы комедиялық жанрда болған. Бұл жолы оған фантастиканы қосты. 

Ален Ниязбеков, режиссер:

- Иә, осы жолы өзімізге мүлдем таныс емес фантастикалық жанрды таңдадық. Өзімізді басқа қырдан сынап көргіміз келді. Оның үстіне өз жұмысымызға жаңа реңк қосуды ұйғардық. Әрине, оны әркім әртүрлі қабылдайды деген ойдамын. Бірақ, түптеп келгенде, жаңашылдық керек.

Түсірілім тобы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да көрерменіне гибридтік жанрда экшн, комедия, фантастика аралас түсірілген жаңа фильмдер ұсынбақ. Кино бүгіннен бастап үлкен экранда көрсетіле бастады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев