Хабар телеарнасы

Ежелгі Иқан қалашығы бүлініп кетудің аз-ақ алдында тұр

Алайда бұл жер жекенің қолына өтіп кеткендіктен, сатып алған кәсіпкер тарихи орынға сауда үйін салып жатыр.

Иқан қалашығы Түркістан қаласынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 7 метр болатын төбешіктің аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Тарихи деректерде Жібек жолы бойындағы шаһар орта ғасырларда үлкен сауда орталығы болғаны айтылады. Алайда қаланың қашан салынғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Тарихи орын мемлекет қорғауында болғанына қарамастан, құрығы ұзын кәсіпкерлер бұл маңды меншіктеп алып, сауда үйін салып жатыр.

Дилшод Саидов, Ескі Иқан ауылдық огругінің әкімі:

- Ескі Иқан №18 қорғаны Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енеді. Бұл жерде жүріп жатқан құрылыс заңсыз. Бұл туралы 15 сәуір күні хабардар болдық. 19 сәуір құрылыс аймағына келіп, ескерту хатын бердік.

Тарихымыз бүлінбесін деп шырылдап жүргендердің бірі – Беклорхан ақсақал. Ескі Иқан ауылында туып-өскен. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария: «Екі мыңжылдық мұрамыз аяқ асты болмаса екен», - дейді.

Беглархон Тәжіметов, Ескі Иқан ауылының тұрғыны: 

- Өкінішке қарай, Бабаев Залил деген кәсіпкер осы жолдың бойынан үлкен құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл аймақтың 40 метрге дейінгі төңірегінде ғимарат салуға болмайды. Елдің атынан қалашықты қорғап қалуды сұраймын.

Иқан қалашығын ең алғаш 1947 жылы Оңтүстік қазақстан археологиялық эскпедициясы, одан кейін 2000 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы зерттеген. Қазба жұмыстарының басы-қасында болған археолог Марат Тұяқбаев та бұл мәселенің ұзақ жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқанын айтады.

Марат Тұяқбаев, тарихшы, археолог: 

- Бұл ортағасырлық мұралардың ең төменгі шекарасынан 50 метр  қорғау аумағы болып есептелінеді. Ол жерге ғимарат салуға, қазуға, егін егуге рұқсат жоқ. Осымен 30 жыл болды айтып, істете алмадық. Тіпті 40 жыл болды. 

Ауыл әкімі заңсыз құрылыс бастап жатқан кәсіпер Бабашевтың үстінен акт толтырып, тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталыққа хат жолдаған. Ал облыстық мәдениет басқармасы заңбұзушыға құрылысты тез арада тоқтату жөнінде ескерту жасап, оны Түркістан облыстық прокуратурасына өткізген. Облыстық прокуратура қызметкерлерінің мәліметінше, қазір бұл іс Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов