01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Көкшетаудағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілін насихаттап жүр

  • Категория: Мәдениет
Көкшетаудағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілін насихаттап жүр

Қазір қазақшасы судай өзге ұлттың азаматтары көбейді. Тілді былай қойғанда, қазақи салт-дәстүрді қал-қадірінше әспеттеп, бойына сіңіріп алғанына қайран қаласыз.

Туған жердің туған тілін меңгеріп, оның салтын ұстанған басқа этнос өкілдерін көргенде өзіңнен-өзің емешегің езіліп, ішің жылып қалады екен.

Юлия Лагуткина – болашақ дипломат. Ол қазақ тілін мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өте жақсы біледі. Түрлі олимпиадаларға қатысып, Абай, Мағжан оқуларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Қазақ ақын-жазушыларының қанатты сөздері мен ұлттық салт-дәстүрімізді де тамаша меңгерген. 

Юлия Лагуткина, украин этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Ассамблея – Қазақстанда тұратын этностарды біріктіретін ірі институт. Бізді біріктіретін тағы бір фактор қазақ тілі болуы керек. Қазақстанның азаматы ретінде достарыма, туған-туыстарыма қазақ тілін үйреніңдер деп айтамын. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде!

Юлияның пікірінше, қазақ тілін меңгеру үшін үш ай жеткілікті.

Юлия Лагуткина, украин этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Ең бастысы, адамның ниеті болуы керек. Оның қазақ тілін меңгеремін деген мақсаты болса, онда үйренеді. Бірақ 1 айдан кейін емес, 2-3 айдан кейін нәтиже көрінеді.

Ал Милана Тарасова өзге ұлт өкілі болса да: «Менің жаным қазақ», - деп отырады. Өйткені өзі бала күнінен қазақ ауылында өскен. Айналасындағылармен тек мемлекеттік тілде сөйлеседі. Жас болса да, тіл үйренуге арналған кабинет ашып, табысты еңбек етіп жүр.

Милана Тарасова, студент:

- Бізде қазақ тіліне, қазақ ұлтына, яғни олардың салт-дәстүріне деген құрмет болуы керек. Қазақ ұлты бізге құрметпен қарайды. Біз де сондай құрметпен қараумыз керек. Біз отбасымызбен қазақ салт-дәстүрін ұстанамыз. Мысалы, соғым соямыз, қонақ шақырамыз.

«Бұл – қазақ тілін меңгерудің бір ғана жарқын мысалы. Ауылды аймақтарымызда мемлекеттік тілде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрімізді ұстанатын жастар легі артып келеді», - дейді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясындағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аслан Әбутәліпов, Виктор Поляный

Сондай-ақ...