Хабар телеарнасы

Қазақ телевизиясы мен радиосының ардагері Әбдірәлі Бөлебай дүниеден өтті

Ол Қазақ телерадиосында диктор, «Хабар» Агенттігінде «Жеті күн» ақпаратты-сараптамалық бағдарламасының және «Жаңалықтар» қызметінің жүргізушісі болып біраз жыл қызмет етті.

Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық арнасы, Астана филиалының директоры, Президент телерадиокешенінің продюсері, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Белгілі журналист өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет етті.

Жүзі жылы, қарапайым, жайдарлы адам еді. «Дауысы да ерекше, жүректен шыққандықтан ба, ақпаратты оқуы да ерекше әсерге бөлейтін», - дейді әріптестері. Алтын дауысты ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз.

Қымбат Досжан, Balapan телеарнасының директоры:

- Ешқандай кедір-бұдыры жоқ, жұп-жұмыр бүкіл болмысы, дүниеге келген кездегі табиғи дауыс, ешқандай жасандылықсыз, киім киісі, ақпаратты беруі, кісімен сөйлесуі, келген спикерді ашуы – мұның барлығы үлкен мектеп еді ғой. Енді осы мектеп сол кісілермен тоқтап қалады дегендік емес. Бірақ сол мектептің соңғы 2 жылда шорт кесіліп жатқаны жүрегіңе қатты батады.