Хабар телеарнасы

Өскемендіктер Наурыз мерекесінде көшелері мен аулаларын ұлттық стильде безендірді

Аймақта мерекеге орай концерттік бағдарламалар әзірленіп, игі дәстүр бойынша ақ дастарқан жайылды. Әртістер соңғы дайындықтарын пысықтаса, қалалықтар наурыз көже пісіріп, үйлерін ұлттық стильде безендірді.

Гүлжауар Сәбитова – қазақтың ұлттық бас киім шебері. Бүгінгі күнге дейін мыңдаған тақия тігіп қана қоймай, тарихына да үңілген. Гүлжауар апай Абай, Шәкәрім сияқты қазақтың дара тұлғалары киген тақиялар туралы да баяндады. Шеберлігімен болашақ келіндермен бөлісуді жөн көрген.

Гүлжауар Сәбитова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастыруымыз керек. Ұрпақтан ұрпаққа қалдыруымыз керек, үйретуіміз керек. Мен өзім апамнан үйренгенмін. Апамыз ісмер адам болған. Одан кейінгі Сәруар әпкем де – ісмер. Осы дәстүрді жалғастырып, қазір жаңаша түрде әдемілеп тігіп жатырмыз.

Әз Наурыз – ортақ мереке. Ұлыстың ұлы күні жұртшылық ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Өскемен тұрғындары мейрам қарсаңында көшелер мен аулаларын ұлттық стильде безендіруді дәстүрге айналдырған.

Зәремхан Кәрменов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Мерекеміз құтты болсын! Өмірлерің ұзық болсын! Өскеменіміз дами берсін!

Карантиндік шектеу салдарынан әз Наурыз екі жыл бойы ауқымды деңгейде тойланған жоқ. Бұл күндер артта қалды. Шығыс халқы көктемнің жарқын мерекесін кеңінен атап өтуге асық.

Авторлары: Вячеслав Ветлугин, Ақмарал Есімханова, Дмитрий Пыхтин