Хабар телеарнасы

Мерекелік тарту: «Хабар» арнасы «Жан ана» әніне бейнебаян түсірді

Агенттік жылдағы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай жаңа бейнебаян түсіруге қолдау білдірді.

Бұл бастаманы әншілер де бірауыздан мақұлдаған. Бұл жолы бейнебаянға «Жан ана» әні таңдап алынды. Оған Мейрамбек Бесбаев бастаған бірқатар өнер иесі мен қарапайым қыз-келіншектер түсті.

Бір жас жігіт гүл іздеп дүкенге кіреді. Ол сол жерде сатушы әйел мен ұлының сөзге келіспей жатқанын байқайды. Анығын айтқанда, құмыраны сындырып алған анасына баласы қаттырақ ескерту жасайды. Ал сырттан кірген жігіт оған бұл ісінің дұрыс емес екенін, қандай жағдайда да анаға дауыс көтеріп сөйлеуге болмайтынын айтады. Бейнебаян сюжеті осылай басталады.

Нұрсерік Қамбар, продюсер:

- Біз наурыз халықаралық әйелдер күніне арнап, бейнебаян түсірдік. Ол бейнебаянға еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары атап өтсек, Мейрамбек Бесбаев, Ғаділбек Жанай, Әбдіжаппар Әлқожа, Ернар Айдар, т.б. әншілердің қатысумен болды. Біз бұл клипте әр салада жұмыс істейтін, әр жастағы асыл аналарымызды көрсетеміз. Сол кісілерге деген құрметімізді жеткізгіміз келді.

«Жан ана» бейнебаянының тағы бір ерекшелігі – оған кәсіби актерлар түспеген. Мұнда артистердің орнына теміржолшы, полицей, мұғалім, дәрігер, көлік жүргізуші болып еңбек етіп жүрген қарапайым аналар мен қыз-келіншектер таңдалған. Түрлі мамандық иесі түгелдей өздерінің жұмыс орындарында түсірілді. Анаға деген құрметін білдіріп, осы әнді орындауға әншілер қуана келіскен.

Мейрамбек Бесбаев, әнші:

- Тұманбай Молдағлиевтің сөзіне жазылған Рүстем Қоразбевтың «Жан ана» деген әнін Тоқтар досым екеуіміз айтқан едік. Сіздердің жүректеріңізден, көңілдеріңізден орын тепті деп ойлаймыз. Әнге біраз жыл болды. Сол әнді қазір дарынды, талантты өздеріңіздің көзайымдарыңыз болып жүрген бауырларыңызбен айту мүмкіндігі туып тұр.

Ғаділбек Жаңай, әнші:

- Бұл – шын жүректен аналардың батасын алайық деген ниетпен түсірілген бейнебаян. Солай қабылдаңыздар. Аналар риза болған қоғам бақытты.

Бейнебаянды Алматы қаласында бір апта бойы түсірген мамандар да, орындаған әншілер де мейірім мен жылулыққа толы бейнебаянның көптің көңілінен шығатынына үмітті. Оны жасауға атсалысқанның өзін мәртебе санайды.

Ғазизхан Шекербек, әнші:

- Аналарымыздың құттықтауында бір бөлшегін болса да, бір сөзін болса да айтып бейнебаянға түскеніме қуаныштымын.

Бейнебаян сюжетінің желісі бойынша, бас кезінде гүл сатып алған жігіт перзентханада жатқан жарына барады. Түсіру тобы осылай күн сайын аналардың қатары толығып жатқанын көрсеткен. Бейнебаян мереке қарсаңында «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Айта кетейік, былтыр мұндай клип «Анашым» әніне түсіріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев