Хабар телеарнасы

Алматы жұрты Әбдіжәміл Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды

Қаралы жиында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.

«Әбдіжәміл Кәрімұлының қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды» делінген жеделхатта. Зиялы қауым мен қалың оқырман 98 жасқа келіп көз жұмған абыз ақсақал, аңыз қаламгердің ғасырлық ғұмырындағы шығармашылығын, руханият үшін атқарған ерен еңбегін еске алды.

Аралда туып, әдебиеттің абызына айналған Әбдіжәміл Нұрпейісов тырнақалды туындысы «Курляндияны» әскер қатарында жүріп жазған. Сұрапыл соғысты жанымен де, тәнімен де сезінген қаламгердің майдан тақырыбын шығармашылығына арқау етуі де заңдылық. Соқпағы аз, соқтықпалы тағдырынан шығар, замандастары жазушының қаққан қазықтай мінезі мен ұстанымға беріктігін тілге тиек етті. Бұл әдебиетке адалдығы да еді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Билікке қашанда ойын тік айтатын бірақ әрқашан елін, халқын елдікке, мемлекетшілдікке үндейтін. Әбең мәңгілікке аттанып бара жатып, қазақтың бірлігіне жұмыстанып жатыр. Мүмкін бұл Әбеңнің абыз ақсақалымыздың халқына ең соңғы аманаты шығар. Біз сол аманатына берік болып, ауызбіршілігімізді сақтап әрқашанда осы ынтымағымызды арттырайық.

Қолынан қаламы түспеген, тұтас бір дәуірдің куәгерінің артында «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сынды сүбелі туындылары қалды. Ұлттың руханиятын дамытудағы өлшеусіз қызметі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Алматыға арнайы келіп, қаламгерге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстаған болатын. Жазушының ғасыр тойын ел көлемінде атап өту де жоспарда еді. Алайда абыз жүрек ғасырға екі жыл жетпей тоқтады.  

Қырымбек Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Соңғы рет кездескенде маған сыйлаған «Соңғы парыз» кітабына «Бұл менің ғасырмен, уақытпен есеп айырысқан еңбегім», – деп жазыпты. Қандай ірі сөздер десеңізші. Тағдыры оңай болған жоқ. Аштықтың, қуғын-сүргіннің куәсі болды. Бұғанасы бекімей жатып, қолына қару ұстап майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Өйткені Әбе тектілердің тұяғы, ата-бабалары ту ұстаған батыр, сөз ұстаған би болған.

Мемлекет басшысы көңіл айту жеделхатында «Елге  ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталғанын» атап айтты. Жазушының мол мұрасын келер ұрпақтың жүрегіне ұялату бүгінгінің парызы.  

Құдайберген Саржанов, еңбек ардагері:

- Екі-үш күннен бері Әбекеңнің басында жүрміз. Мұның барлығы Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасы. Сонау Пекинде жатып, соған тапсырма берген. «Әбекеңді осылай шығарып салыңдар» деген. Бұл да – ауызбіршіліктің үлкен нәтижесі. «Беларан» деген Арал теңізінің төбесінде тау бар. Сол жерде Әбекеңе қойылған белгі бар. Сол белгіні келешек үлкен мемориал жасаймыз деген осы мынау қатысып тұрған азаматтардың аузынан  сөз шығып жатыр.

Келместер мекені Кеңсайға бет алған қаламгерге туған жерінің бір уыс топырағы бұйырды. Оны жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға Сыр өңірінен келген жерлестері ала келіпті. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Нұрпейісовтың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды...