+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Жаңа жыл түнінде құпия мен жұмбаққа толы «Маска» шоуының арнайы мерекелік саны эфирге шығады

  • Категория: Мәдениет
Жаңа жыл түнінде құпия мен жұмбаққа толы «Маска» шоуының арнайы мерекелік саны эфирге шығады

«Хабар» арнасы көрермендерін таңғалдырудан жалықпайды.

Жаңа жыл түнінде құпия мен жұмбаққа толы «Маска» шоу бағдарламасының арнайы мерекелік саны эфирге шығады. Сахнада 14 қатысушы өнер көрсетеді. Олардың қатарында тек әнші-музыканттар ғана емес, актер, тележүргізуші, вайнер мен әзілкештер де болуы мүмкін. Бағдарлама 31 желтоқсан күні сағат 21:30-да көрсетіледі.

«Маска» шоуының бірінші маусымында өнер көрсеткендер жаңажылдық арнайы шығарылымға қатыспайды. Бірақ олардың бірқатары сарапшы ретінде шақырылды. Яғни әділқазыларға көмектеседі. Талап бұрынғыдай. Қазылар маскамен жасырынған адамның кім екенін табуы тиіс. Яғни оның дауысы, қимыл-қозғалысы мен берген жауабынан білуі керек. Бағдарламаның жүргізушісі өзгерген жоқ. Әдеттегідей шоудың тізгіні Жахан Отарғалиевта. 

Жахан Отарғалиев, «Маска» шоуының жүргізушісі:

- Ең бастысы, халық көтеріңкі көңіл-күй күтеді. Жаңажылдық шоудың басты ерекшелігі – ­кезінде хит болған әндер шырқалады. Соларды естеріне түсіріп, халықтың көңіл-күйін көтереді деген ойдамыз.  

«Маска» шоуында Бүркіттің елдің көзайымына айналғаны белгілі. Құс патшасы болған – Әміре осы кешке құралақан келген жоқ. Ол жаңа жыл түнінде жаңа ән орындайды. Өзінің айтуынша, шоудың бірінші маусымында айтылған әндерінің бәрі бірден ел ішіне тез тарап, хитке айналған.  

Әміре, әнші:

- Соның ішінде ең кең таралғаны – «Қыздар-ай» әні, «Жалаңаяқ» деген ән болды. Лирикалық әндердің ішінен Рахат Тұрлыхановтың «Жүрек үні» әні хитке айналды. Мен 7 ән орындадым. Сол 7 әнннің әрқайсысы өзінің көрерменін тауып, барлығы хитке айналды десем болады. «Маска» жобасы мен үшін күтпеген жағдай болды. Маска» жобасының жаңажылдық кешінде Ерке Есмаханмен жаңа әнімізді дуэт болып орындаймыз.

«Маска» шоуы қатысушылардың әр қырынан көрінуіне мүмкіндік берді. Бұл көрермен үшін де, өзіміз үшін де тосын жаңалық болды», – дейді Арыстан болып өнер көрсеткен Нұрболхан Шарапов.  

Нұрболхан Шарапов, шоумен, блогер:

– «Маска» шоуы өнерде жүрген жандар үшін, сахнада стилін таба алмай жүрген, бұрыннан көріне алмай жүрген әртістер болса, солар үшін бір стилін қалыптастырып берді десек болады негізі. Біз енді әнші емеспіз. Дегенмен де өзімізді бір қырымыздан танытып көрдік. Идея 100% іске асты. Өзімізге эксперимент жасадық. Екінші маусымға шақырып жатса, айтпай бару керек деп ойлаймын. Егер шақырып жатса, өзіміз үшін тағы да бір эксперимент жасап көруге болады.

Бұл шоу әлемнің 50-ден астам елінде көрсетілген. Қазақстанда да оң бағасын алып үлгерді. Жаңажылдық арнайы шығарылымда 30-ға жуық ән айтылады. Қатысушылар қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындайды. Сондай-ақ тарап кеткен музыкалық топтардың бұрынғы мүшелері сахнада бірге өнер көрсетеді. Бағдарлама осындай тосынсыйларға толы. «Хабар» арнасы ұсынған «Маска» шоуының мерекелік санын жіберіп алмаңыздар.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

 

Сондай-ақ...