Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы Димаш Құдайбергеннің «Өмір өтер» әніне түсірілген бейнебаянды жарыққа шығарды

Музыкалық композицияның авторы ­– Ринат Гайсин, сөзін жазған – Талант Арғынғали. Димаш бейнебаянда бүкіл қазақ халқының өткені мен бүгініне шолу жасап, жұртшылықты өмірді бос сарп етпеуге шақырады.

Күміс көмей әнші Димаш Құдайберген Ринат Гайсиннің әніне жазылған «Өмір өтер» музыкалық композициясын алғаш рет Dimash digital show онлайн концертінде орындаған болатын. Тыңдаған жанды баурап алатын айрықша талантымен Димаш тағы да дүйім жұртты тәнті етті. Бұл әнге бейне жазылуы да кездейсоқ емес, себебі салмағы мығым, халыққа ой салар әнді бейнемен толықтыру заңдылық.

Қанат Айтбаев, Димаш Құдайбергеннің әкесі:

- Осы әнді Ринат Димашқа ұсынып, екеуі маған көрсетіп, әннің әуені де, мазмұны да көңілге бірден қонды. Сол жерде барлығымыз концертке қосу керек екенін, болашақта бір бейнебаян түсірсе де, бір жақсы дүние екен деп әңгіме қозғап қойған болатынбыз. «Хабар» арнасының басшылығы біздің шығармашылық ұжыммен бірлесе отырып, қарапайым форматта осылай идеяны туындатты. Өмірден керемет қаншама тау тұлғалар өтті, қарапайым адамдар да өтті. Біз солардың ісін жалғастыра алатындай ұрпақ бола алып жүрміз бе деген ойдан туындаған.

Клиптің режиссері ­– Анна Обоянская. Бейнебаянды елордада «Хабар» Агенттігінің мамандары түсірді. Бір жағынан бұл телеарнаның өз көрермендеріне арнаған мерекелік сыйлығы десе де болады.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Хабар» Агенттігі барша көрермендеріне тосын сый дайындап жатыр. Бұл ­– Димаш Құдайбергеннің композициясына түсірілген «Өмір өтер» атты бейнебаян. Сол бейнебаянда қазақ елінің әйгілі тұлғаларын көре аламыз. Мысалы, Абылай хан, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа қазақ еліне үлес қосқан тұлғалар.

Осынау терең ойлы әннің авторы ­– белгілі композитор Ренат Гайсин. Әннің жүректен шығуына бірнеше жыл уақыт қажет болған. Композитор әнін әлемге танымал атақты әнші Димаш Құдайбергеннің орындайтынына ерекше қуанышты.  

Ренат Гайсин, «Өмір өтер» әнінің авторы:

- Бұл ән ­– мен үшін шынында бір қымбат әннің бірі. Өйткені кезінде марқұм өмірден озған өзімнің әкем, ұстазым, кішкентай кезімнен айтып жүрген сөздері болған, сен үлкен музыкант болғың келсе, композитор болғың келсе, шын мәнінде өзіңнен жарып шығатын халыққа деген ықыласпен бөлінетін ары қарай саған шабыт беретін әндер тарихта қалу керек деп. Мен үшін ең маңыздысы ­– ол халықтың ықыласы, халықтың сүйіспеншілігі. Димаш екеуміз бұл әнмен 2-3 күндей жұмыс жасағанбыз.

Бейнеклипте өткінші өмірді абыроймен өткізу, халыққа бағалы мұра қалдырып, игілікті іс жасау идеясы көрсетіледі. Түсірілімге кәсіби актерлармен қоса, әр түрлі жастағы азаматтар қатыстырылған. Бейнеклип «Хабар» телеарнасының Хабар Show YouTube ресми парақшасынан қарауға болады.

Авторы:Индира Жылқайдарова