Хабар телеарнасы

Алматыда «Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілген «Бұлбұл» телехикаясының тұсауы кесілді

8 сериялы телехикая 18-ші желтоқсаннан бастап «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіле бастайды.

Күміс көмей, жезтаңдай әнші Роза Бағланованың ғасырлық мерейтойына арналып түсірілген «Бұлбұл» телехикаясының тұсаукесеріне халық көп жиналды. Фильм жәйлі айтар болсақ, Роза Бағланованың балалық шағынан бастап өмірінің соңына дейінгі қызықты да қиындыққа толы кезеңдері, отбасылық өмірі мен соғыс жылдарындағы ерен еңбектері көрсетіледі.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Бұл сериалды мұрағат ретінде «алтын мұрағат» деп атауға болады. Өйткені әйгілі тұлға туралы осындай әдемі де керемет туынды шықты деп ойлаймын. 

Ұлы тұлға туралы фильм түсіру оңай емес. Бұл ­– үлкен жауапкершілік. «Өйткені ол кісінің өмірлік жолын толықтай қамту керек болды. Өзбекстан мен Беларусь жеріндегі түсірілім кезінде де кедергілер кезікті. Соған қарамастан ұлы Тәжен және келіні Маралмен ақылдаса жүріп, көпшіліктің көңілінен шығуға тырыстық», – дейді телехикаяның продюсері Гүлнұр Мамасарипова.

Гүлнұр Мамасарипова, «Бұлбұл» телехикаясының продюсері:

- Қазақта «Әттең тонның келтесі-ай» деген сөз бар ғой. Егер де бұл сериалдың жетпей қалған жері болса, тек сол қаражат мәселесіне ғана байланысты деп ойлаймын. Біра бұл енді жаңағыдай миллиондаған бюджетпен түсірілмеген телесериал ғой. Оны көрермендер де, жалпы басшылық та, бәрі біледі ғой. Бірақ біз қолымызда бар қаражатты барынша тиімді пайдалануға тырыстық.

Роза Бағланованың соңғы жылдардағы бейнесін Әуезов театрының әртісі Күнсұлу Тұрғынбекқызы сомдаса, жас кезіннен бастап 50 жасқа дейінгі өмірін Астана Мюзикл театрының жас әртісі Зарина Жакенова ойнайды.

Зарина Жәкенова, актриса:

- Ол кісі туралы жазылған кітап бар, сол кітапты оқыдым. Ол кісінің өмірбаянын зерттеп, одан кейін қандай да бір қылықтары бар, мінезі бар соларды қарадым. Сол кісіге өзімді ұқсатуға тырыстым.

Телехикаяның тұсаукересіне бұлбұл әншінің қасында бірге жүріп, қызмет жасаған  замандастары да келіпті.

Гүлшара Есетқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Будапештте өткен Дүниежүзілік жастар фестивалінде апай 1-орын алғанда ол жақта бүкіл дүниежүзі таныды. Мысалы, апайдың бүкіл өскен дәрежесі, халықтың сүйіктілігі қазіргі Димаштан ешқандай кем болған жоқ. Әрине, онда ақпарттық құралдар өте аз болды.

Көпсериялы телехикая 18-ші және 19-шы желтоқсан күні «Хабар» арнасының эфирінен күндізгі 12:30-да көрсетіледі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов