Хабар телеарнасы

Алматыда «Garage Screen Film Festival» халықаралық кинофестивалі басталды

Картиналардың тақырыбы ортақ – мигранттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты толеранттылық баяндалады.

Биылғы Garage Screen кинофестивалі инклюзивті саясат пен этикаға арналған. Кинофестиваль бағдарламасына тоғыз деректі және көркем фильм енген. Зағип жандарға қолжетімді болу үшін кейбір фильмдер тифлоаудармасымен көрсетіледі.

Жәмила Нұрқалиева, «Целинный» заманауи мәдениет орталығының директоры: 

- Kinopark қимыл-қозғалысы шектеулі адамдарға ыңғайлы кинозалды ұсынды. Жалпы кинофестивальдің бүкіл бағдарламасы осы маңызды мәселеге, яғни толерантылыққа арналған. Кинофестивальдің міндеті – осы тақырып төңірегіндегі мәселелерді кең аудиторияға жеткізу.

Кинофестиваль бағдарламасында жаңа туындылар да, өткен жылдардағы фильмдер де бар. Көрермендер «Жалын шарпыған Париж», «Отқа оранған теңіз», «Металл дауысы», «Оазис» сынды фильмдерді көруге мүмкіндік алады. Режиссер Иван Икичтің «Оазис» картинасы жасөспірімдердің үш жақты махаббаты туралы баяндайды. Олар ақыл-ойының дамуы тежелгендерге арналған мектеп-интернатта тұрады.

Жәмила Нұрқалиева, «Целинный» заманауи мәдениет орталығының директоры: 

- Бұл – біз ешқашан айтпайтын, қоғамда айтылмайтын өте маңызды тақырыпты ашатын, өте қызықты картина. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың сезімі, қарым-қатынасы туралы баяндайды. Фильм арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың да жаны жабырқайтын, жалғызсырайтын сәттері болатынына көз жеткізуге болады.

«Garage Screen Film Festival» халықаралық кинофестивалі желтоқсан айының 12-не дейін Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында  өтеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев