Хабар телеарнасы

Ақмола облысында қуғын-сүргін құрбандары жазасын өтеген төрт лагерьдің орны табылды

Бұрын-соңды беймәлім болып келген бұл жерлерді құрбандарды ақтау мақсатында құрылған өңірлік жұмыс тобының мамандары анықтапты. Мәселен, еңбек лагерьлерінің бірі Үлгілі ауылының маңында болған екен. «Мұнда тіпті сотталғандарды күзеткен офицерлердің де зираты бар», - дейді тарихшылар.

Зерттеушілер бұл араға арнайы белгі қойды. Ендігі мақсат – лагерь орнына ескерткіш тұрғызып, онда болғандардың тізімін анықтау. «Ал қалған лагерьлердің орны Баратай, Симферополь және Приречный ауылдарында», - дейді мамандар. Енді олардың бәрі жан-жақты зерттеліп, тарихи жерлерге туристік бағыт та ашылады. Мұндай саяси түрмелер Біржан сал ауданы аумағында болуы мүмкін деген болжам бар.

Тілеген Сейфуллин, Зеренді аудандық мемлекеттік архивінің директоры:

Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, бұл лагерь 1936 жылдан 1952-1953 жылдарға дейін жұмыс істеген. Екі мыңға жақын адам сотталған. Негізінен бұл жерде сотталғандар саяси тұтқындар, мұғалімдер болған. Бір уыс бидай үшін сотталғандар да осы жерде отырған көрінеді.