Хабар телеарнасы

Marvel студиясы «Вечные» фильмін прокатқа шығарды

Аты аңызға айналған Marvel студиясы өзінің «Вечные» фильмін прокатқа шығарды. Фильмнің премьерасы Алматыда өзгелерден бір күн басталып кетті. Алдын ала көрсетілім Кinopark IMAX кинозалында болды. Ал бүгіннен бастап қазақстандықтар фильмді Кinopark & Kinoplexx Theatres желісінен тамашалай алады.

«Вечные» фильмінің көпшілікке жол тартуы – киносүйер қауым үшін жақсы жаңалық. Фильмнің алдын ала көрсетілімі бірінші боп Қазақстанда өтті. Туындының режиссері – Хлоя Чжао. Анджелина Джоли бастаған 32 актер ойнайтын бұл фильм күрделі сценарийімен көрерменін баурап алады.

Санжар Мәди, актер:

 - Marvel-дің фанатымын. Бұл фильм бұрынғыдан өзге боларына сенімім зор. Актерлар құрамы да керемет! Анджелина Джоли. Мен тек сол үшін келдім. Marvel-дан маған да ұсыныс түскен. Бірақ пандемияға байланысты тоқтап қалды. Болашақта сол студиямен бірге жұмыс істеймін деп ойлаймын!

Марат Сембаев, актер:

- Фильм үш сағатқа жуық болатынын білемін. Бұл ұзақ уақыт. Бұдан «Мстители» ұзағырақ. Сондықтан жейтін тамағымды, ішетін сусынымды қамдап алдым.

Фильмде Жер жаралғаннан күні бүгінге дейінгі уақыт қамтылады. Жер бетіндегі түрлі мәдениет, әр ғасырдағы сан түрлі ұлт көрсетіледі. Сол тіршіліктің бәрін көзімен көріп, бұйығы өмір сүріп келе жатқан, мәңгі өмір сүре де беретін құпия батырлар адамзатқа қырғидай тиетін құбыжықтармен алысады. Ол құбыжықтар бұрын адамдарды ғана ауласа, енді мәңгілік өмір сүрген мықтыларға, адамзаттың қорғаушыларына тарпа бас салады.

Диана Снегина, продюсер:

- Біздің қиялымыз жете бермейтін тылсым дүниені режиссер алдымызға әкеледі. Ойға келмейтін, миымызға сыймайтын сюжеттер. Бұл, шынында да, таңғажайып!

Отандық кинотеатрлар да пандемиядан соң көрерменін қуантуға жақсылап дайындалған екен. Есентай MALL сауда орталығындағы IMAX, KINOPARK кинотеатрларында соңғы үлгідегі ең үлкен экрандар қойылып, дыбыс аппараттары жаңарыпты. Айта кетерлігі, мұндай үлкен экранды кинотеатрлар Орталық Азия бойынша біздің елімізде ғана бар.

Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Валентин Лобанов