Хабар телеарнасы

«Ұлық ұлыс – Алтын Орда» конференциясы: Алтын Орда дәуіріндегі қалалар қайта қалпына келтіріледі

Ел аумағындағы ұлық ұлыстың қалалары қайта қалпына келтіріледі. Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы ғылыми монографиялар шығады.

Мемлекет басшысы Алтын Орда тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы мақұлдады. Осыған орай Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Атырау – ұлан-байтақ Отанымыздың батыс қақпасы. Қойнауына талай тарихты бүгіп жатқан өлке. Осы тарихи қалада ғалымдар, тарихшылар, этнограф, археологтар, суретшілер бас қосып, Алтын Орда тақырыбы төңіргенде ой өрбітті. Халықаралық конференцияға әрісі Америкадан, берісі Ресей, Украина, Түркия, Жапониядан келген жиыны 150 адам қатысты. Жиналғандар алдында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүниежүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек»,- деді.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

 - Баршаңызды «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректің табылуы – осының айқын дәлелі. Конференция жұмысына табыс тілеймін.

Президент хатында түрлі себепке байланысты төл шежіреміздің бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалғанын атап өткен. Енді олқылықтың орны толады. Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы мақұлдады. Ұлық ұлысты ұлықтау мақсатында келесі жылдан бастап жеті бағытта жұмыс істеледі.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

 - Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту. Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау. Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы. Төртінші, «Ұлық ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Уикипедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау. Бесінші, Ұлық ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау. Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету. Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру.

Жошы ұлысының астанасы – Сарайшық та айшықтала түседі. Атыраудан шамамен 50 шақырым жерде жатқан қалашықтың Алтын Орда тарихындағы орны ерек.

Зерттеушілер ХVIII ғасырдың басында Ресейде сызылған картаны тапқан. Тарихи картада Сарайшықтан Хаж-Тарханға көш тартатын керуен жолдары мен керуен сарайлар анық көрсетілген. Енді осынау тарихи орынды жаңғырту жұмыстары қарқын алмақ.

Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі:

 - Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Солардың ішінде Жайықтан өтер жылжымалы-жүзбелі көпірді ерекше атап өтуіміз керек. Бүгінде Сарайшық музей қорығының қорында 4600 жәдігер сақтаулы. Оның 400-дейі ғана көрініске шығарылған. Осы жағдай – жаңа Алтын Орда мұражайын салуға негіз. Сарайшық заманында қолөнершілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірімізде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді де қайта жаңғыртуымыз керек.

Ұлы Жібек жолының Сарай-Берке мен Хорезмді байланыстырған солтүстік бағыты осы Сарайшық қаласы арқылы өткен. Мұнда сауда-саттық, мәдениет пен сәулет өнері қарыштап дамыды. Қалада бірегей су жүйелері жасалып, өзінің ақшасы басылды. Енді сұрақ Қазақ Хандығы Алтын Ордадан тарай ма? Бұл сауалға да жиында жауап айтылды. Ең бастысы, Алтын Орда моңғолдарға тиесілі деген қауесетке нүкте қойылды.

Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленген. Сондықтан Гүлстан променады салынады. Кешен ішінде жылқы, түйемен сейіл құруға болады.  Бұл жобаларға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарланған. Қазіргі таңда Сарайшық мемориалдық кешеніне келушілердің саны 20 мыңға жуық. Жоба іске қосылған жағдайда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Жиында шеттен келген ғалымдарға осы бағыттағы жұмыстар таныстырылды. Ал конференцияда айтылған деректер басылып, арнайы жинақ болып шығады. Бұл дегеніміз Ұлтық ұлыс – Алтын Орда әлі де айшықтала түседі.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев