Хабар телеарнасы

Ұлттың үнжариясына айналған Қазақ радиосына 100 жыл толды

1 қазан елімізде Радио күні ретінде белгіленіп, биыл алғаш рет атап өтілді. Ғасыр ішінде Қазақ радиосы сағат сайын жедел жаңалық жеткізетін, ағартушылық, танымдық, тарихи, мәдени және өзге де бағыттарда хабар тарататын бұқаралық ақпарт құралына айналды. Радиосүйер қауым оны ұлттың үнжариясы, қазақтың қара шаңырағына балайды.

Ұлттың үнжариясы 1921 жылдың бірінші қазанында Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбордан алғаш рет хабар таратты. Сол кезде 1600 сөзді қамтыған «Радиобюллетень» бағдарламасы әзірленетін. Игі істі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған.

Намазалы Омашев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор:

- Бұған дейін Қазақ радиосының алғашқы бастауы 1931 жыл деп жүрді. Соны тойлап жүрдік. Мен оның архивтік деректер негізінде 21 жылға кететініне көзім жеткен. Бұл Орынбордан тарады. Жер-жерлерде радиостансалар жұмыс істеді. Семейде, Қостанайда, Ырғызда, Ойлыда олар қабылдады. Яғни алғашқы берілген хабардың өзінен республикалық радионың қызметін атқарды.

1926 жылы Қазақстан астанасы сыр еліне ауысуына орай радио да сонда қоныс аударады. Ал оның жұмысына сол кездегі театр өкілдері атсалысыпты. Қырқыншы жылға дейін радиожурналистика қалыптасып үлгереді. Соғыс жылдары арнайы редакция да құрылған. Әр жылдары бұл шаңырақта Шәмші, Мұқағали қызмет етті, Сәкен Сейфуллин, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов сынды тұлғалардың қатысуымен сүбелі хабарлар дайындалды. Кейінгі буын тыңдап өскен кешкі ертегілердің жөні бір бөлек.

Сауық Жақанова, ҚР Еңбек сіңірген артисі, диктор:

- Біз қай жағынан болмасын сол кісілерден үйрендік, сол кісілерден үлгі алдық. Мен 55 жыл жұмыс істеген жерімнің жүз жылдығына қатысып жатқаныма бақыттымын.

Осылайша, Қазақ радиосы әу баста өзіне жүктелген міндетті, оның ішінде қоғамды ақпараттандыру және ағартушылық қызметін толығымен орындап келеді. Радионың таратылу ауқымы алдағы уақытта тағы да кеңейе түспек. Мерейтойлық жиында сондай елді мекендердің алғашқы легіне сигнал берілді.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Біздің алға қойған жоспарларымыз орындалып келеді. Бүгін Жол картасының бірінші кезеңін бастап, бүгінгі радио мерекесі күнінде 40 ауылға Қазақ радиосын қосып отырмыз. Жалпы жоспар бойынша алдағы уақытта шекаралас аумақтағы 400-ден астам ауылда Қазақ радиосы мен Шалқар радиосы қосылатын болады.

Еліміздегі ең ежелгі бұқаралық ақпарат құралы тарататын хабарлар республика ғана емес, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстанның шекаралас аймақтарын да қамтиды. Кез келген елден ғаламтор арқылы онлайн режимде тыңдауға болады. Ал бір ғасыр жасаған радионың «Алтын қорында» қазір 100 мыңнан астам үнтаспа бар.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы