Хабар телеарнасы

Junior Eurovision – 2021 байқауында ел намысын кім қорғайды?

Бұл сауалдың жауабы әзірге белгісіз. Себебі Парижде өтетін ән додасының іріктеу кезеңі 28 қыркүйек күні басталды. Өтінім қабылдау 6 қазанға дейін жалғасады. Ал жеңімпазды арнамыздың көрермені 6 қараша күні тікелей эфирде анықтайды. Әйгілі ән байқауының биылғы ерекшелігі қандай?

Кезінде Ержан Максим, Данэлия Тулешова, Қарақат Башанованың бағын жандырған халықаралық ән додасы жақындап қалды. Байқау биыл 19 желтоқсанда Парижде өтеді. Басты талап – қатысушылар жасы 9 бен 14 жас аралығында болуы керек. Байрақты бәсекеде еліміздің атынан кімнің бақ сынайтыны белгісіз. Ұлттық іріктеуге кез келген қазақстандық қатыса алады. Бағы мен бабы келіскендерді қазылар алқасы іріктейді. Оқ бойы озып шыққанды Париж сахнасына аттандырады.

Хамит Шаңғалиев, музыкалық продюсер:

 - Композитор ән арқылы әншінің мүмкіндіктерін ашуы керек. Сондықтан ол – өте үлкен жұмыс. Бір өлеңді шығару оңай емес. Сәтті шыққан туынды орындаушыға ғана үлкен мүмкіндік емес. Бұл композиторға, ақын-жазушыға үлкен мүмкіндік береді. Сол себепті біз жас талантты композиторларды, ақындарды іздестірудеміз.

Junior Eurovision байқауына қатысатын елдер көбейген. Былтыр жобаға 12 елдің өкілі қатысса, биыл олардың саны 19-ға жетті. Бәстің жоғары екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Десе де шара offline-форматта өтетіндіктен, қатысушылардың денсаулығына ден қойылады. Тиісті министрлік шығармашылық топтың жұмысын барынша тиімді үйлестіруге кіріспек.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Біздің серіктесіміз ADAM Media Group былтыр «Хабар» Агенттігімен бірлесіп, Польшадағы байқауға Қарақат Башанованы шығарған.  Енді биыл Парижге Қазақстанның орындаушысын жібереміз деп үміттенеміз. Ең бастысы, Еуропадағы ұйымдастырушылардың стандарттарына сай болу керек.

«Хабар» Агенттігі Еуропаның хабар тарату одағының мүшесі болғандықтан, тележобаны бастан-аяқ көрсетуге мүмкіндігі бар. Осыдан 96 жыл бұрын құрлық асып, Парижді аузына қаратқан атақты Әміренің артынан ерген жеткіншектер де баршылық деп сенеміз. Сондықтан алдағы жобадан үміт көп.

Авторлары: Дана Алиева, Аян Сәрсенбаев, Айдынбек Нұрғалиев