05:02Эфирде: Телесериал «Братство десанта»
07:00Әрі қарай: «Самопознание»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елордада «Astana Media Week – 2021» апталығы ашылды

  • Категория: Мәдениет
Елордада «Astana Media Week – 2021» апталығы ашылды

Ауқымды шараға отандық және шетелдік журналистер, блогерлер, белсенді тұлғалар қатысып жатыр.

Шарада ақпарат тарату ісіне байланысты қордаланған өзекті мәселелер сөз болды. Бұдан бөлек, медианы дамыту стратегиясы, ақпаратты дұрыс жеткізу тәртібі, деректі фильмдердің болашағы мен қазақ тілді баспалардың келешегі қаузалды.

Газет, радио, теледидар. Ғасырдан ғасырға ұласқан ақпарат көздерін қазір әлеуметтік желі күшінен қалдырды. Осыны пайдаланып, кез келген адам куәлігі жоқ тілші атанды. Болған оқиғаны қысқа-нұсқа таспалап, тезірек таратуға ұмтылады. Астарына үңілмейді. Бәлкім, ол біреудің жеке басына қол сұқты, ұлтараздық алауыздықты тудыратын ой қозғады. Мұндай мағлұматтардың соңы дауға ұласатыны сөзсіз. Сондықтан ақпараттың анық-қанығын білу үшін тек кәсіби маманның сөзіне сену керек. Сәйкесінше ол әр жаңалығы үшін жауапкершілік арқалайды.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

 - Көптеген көкейтесті мәселе, жалпы қоғамды толғандырып жүрген мәселелердің бәрі әлеуметтік желіде көтеріліп жатады. Сондықтан әлеуметтік желідегі блогерлердің жауапкершілік мәселесі де көтеріліп жатыр. Ол алдымен заңмен шектелуі керек.

Болған оқиға біреу. Тек оны таспалап, тарату әртүрлі. Бүгінгі форумға келген сақа сарапшылар осылай деді. Мысал да келтірді. Мәселен, кей арналар жарнама есебінен күн көреді. Аудитория жинау үшін оқиға желісінен сәл ауытқып, түймедейді түйедей етіп көрсетеді. Тақырыпты айқайлатып қояды. Салдырынан бүгінгі журналистика опық жеп жатыр дейді. Министрдің сөзіне сенсек, былтыр отандық БАҚ өкілдері 500-ден астам құқық бұзатын мәлімет жариялаған. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін кәсіби маманның шеберлігін шыңдау шарт. Бұл ретте салалық журналистиканы дамытқан жөн.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

 - Көптеген спикер көкейтесті мәселені дұрыс бермей, адамның құқығын бұзды деген мәселелер де айтылды. Бұл ретте біздің министрлік бұл жұмысты бастап та кетті. Салалық журналистиканы дамыту, жалпы журналистердің тәжірибесін көтеру секілді мәселелерге көңіл бөлінеді.

Бұл тақырып бізде ғана емес, басқа елдерде де өзекті. Мәселен, форумға онлайн қатысып отырған Украинадағы маман өз пікірімен бөлісті. «Екі елдегі әлеуметтік өткір мәселелер ұқсас. Сондықтан ақпараттық қолдауға жүгінген әр адамға көмек беру маңызды», - деп есептейді ол.

Юлия Гатитулина, «Украина» телеарнасы бағдарлама бөлімінің директоры:

 - Біз әлеуметтік алаңдарымызды адамдарға қолдау көрсетуге ыңғайлы етіп жасаймыз. Олардың үмітін сөндірмеу үшін әділдік бар екенін көрсетеміз. Осы арқылы олар бізге сене бастайды. Әлеуметтік мәселелер көтерілген кез келген бағдарламада байланыс нөмірін жазып қоямыз. Байланысқа шыққан әр адамның өтінішін жерде қалдырмауға тырысамыз.

Рас. Бүгінгі аудитория жылдам ақпарат алғысы келеді. Кейде осы үшін сан соғып қалады. Себебі фейк-ньюстер қаптап, қаңқу сөздің жетегіне еріп кететіндер қаншама?! Заман қалай өзгерсе де, ақпараттық арна дәстүрлі бағытынан тайқымауы маңызды. «Хабар» Агенттігінің төрағасы осылай деді. Ерлан Бекхожин: «Халық пандемия кезінде ресми жаңалықты әзірлейтін отандық арналарды ғана қосып отырды», - дейді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

 - Тек көрермен күткен мәліметті берген дұрыс. Пандемия кезінде халық шынайы ақпаратты асыға күткенін байқадық. Көбіне дәстүрлі түрде теледидардан жаңалықты көріп, ақ-қараны парықтап отырды. Себебі қоғамда бұрыннан келе жатқан отандық арналар ресми ақпаратың көзі деген түсінік қалыптасқан.

Форумда АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері ойларымен бөлісті. Осылайша, бір-бірімен тәжірибе алмасты. «Бұл өз кезегінде халықаралық қоғамды сапалы медиа өніммен қамтамасыз етуге жол ашады», - дейді мамандар.

Сондай-ақ...