Хабар телеарнасы

Елорда іргесінен ХVIII ғасырдағы қыстаудың орны табылды

Болжам бойынша онда сол кездің дәулетті адамдарының бірі тұрған. Оған қазба кезінде табылған жәдігерлер мен қираған үй аумағының үлкендігі айғақ. Мамандар оларға қарап ата-бабамыздың айналысқан кәсібі жайлы да мәліметтер жинауда.

Осыдан екі ғасыр бұрынғы үйлерде де қабырғаны жылытатын пеш болыпты. Қыстаудағы кірпіштер оның бесқұдықты болғанын білдіреді. Ал табылған жәдігерлер қатарында қылыш, тоқыма заттарынан бөлек, дәрі құюға арналған шыны ыдыс та бар.

Серғазы Сәкенов, археолог:

- Дәрі құятын қалыптар табылды. Мұнда дәрілер сақталған. Осының бәрін зерттеу барысында дәлелдеп отырмыз. Фарфорлар да кездеседі. Оны тек бай, дәулетті қазақтар қолданған. Бұл заттар қымбат болған.

Айта кетейік, бұл археологиялық қазба жұмысы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүргізілуде. Бүгінге дейін мұнда екі үй мен оған қаптарлас салынған қораның орны ашылыпты. Табылған жануарлар сүйегіне қарағанда негізінен жылқы мен ірі қара ұсталған. Тұрақтың батысы жайлау, ал шығыс бөлігі қыстау ретінде қолданылған.

Айнагүл Ганиева, археолог:

- Қазір ХVIII-ХІХ ғасырдағы тарихымызды түгендеуге ерекше көңіл бөлінуде. Біз осы қыстауды зерттей отырып, сол кездегі халықтың кәсібін білгіміз келеді. Қазірдің өзінде олардың сыртпен барыс-келіс жасағаны, осы жерде сауданың дамығанын анықтадық. Олар мал шаруашылығымен айналыса отырып, алынған өнімді өңдеумен де айналысқан.

Тілші ретінде мені темір жәдігер ерекше қызықтырды. Алғашында оны көліктің бөлшегі деп ойладық. Сөйтсек, сүттартқыштың тісі екен. Сонда ХVIII ғасырдың өзінде қаймақты арнайы құрылғымен өндірген.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Ата-бабамыз алған өнімді саудалап, пайда табудың да көзін білген. Олай дейтініміз, мынау тұрған қыстау сол кездегі Ақмола бекінісі, қазіргі Елорданың іргесінде тұр. Былайша айтқанда, бұл орын сол кездегі қаланың азық-түлік қауіпсіздігі қызметін атқарған.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұылы, Аманжол Байғазин