Хабар телеарнасы

Қазақ журналистикасының тарланы Қалыбек Атжан өмірден өтті

Бүгін төл телевизияның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан журналист Қалыбек Атжан өмірден өтті. Ол 40 жылға жуық отандық телерадио саласында табан аудармастан қалтықсыз қызмет етті. «Оның әрбір сюжетінен ұлттың рухы есіп тұратын», – деп еске алады оны етене танитындар.

Төл телевизияның бұл ретро даусы көп көрерменнің әлі де есінде. Бұл дауысты күнде кешкісін көрермені тағатсыздана күтетін, себебі Қалыбек Атжан айтса, айызды қандырып, ашығын айтатын, содан атқамінерлердің жүрегі шайлығатын. Қалыбек Атжан 1998 жылы «Хабар» Агенттігінің Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі атанды. «Барды бар, жоқты жоқ» деп тура айтатын тілшіден көбісі тайсалатын. Онымен иық тіресе, жұмыс істеген Ағабек Қазанбай бұл қазаны үлкен күйзеліспен қабылдады. Қалыбек ол үшін тек қызметтес қана емес, нағыз дос та бола білді.

Ағабек Қазанбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:

- Қалыбек Атжанның қаза болуы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Отбасымызбен араласып тұрғанбыз, той-томалақта бірге болып, қызығушылығымызды бірге бөлісіп жүрдік. Қалыбек қайда болса, менде соның ізімен жүріппін ғой.

Кәсіпке деген адалдық. Қалыбек Атжан – еңбек жолын журналист болып бастаған, журналист болып аяқтаған аз азаматтардың бірі. Тіпті қазақ телевизиясына «стэнд-ап» деген дүниені алғаш қолданған да осы кісі болатын. Оған қарап, талай қазақ журналистері ой түзеп, бой түзейтін. Солардың бірі – Әбдез Рахманұлы.

Әбдез Рахманұлы, ардагер журналист:

- «Хабар» Агенттігінде әдемі үрдіс бар еді. Бір айда кім қанша материал жасады, сол сюжеті қаншалықты бағаланды, соның көрсеткіштерін жасап тұратын, бұл арамызда әріптестік, шығармашылық бәсекені тудыратын. Сол әдемі бәсекенің басында ылғи Қалыбек Атжан жүретін. «Жете алмай қалдық-ау» деп жататынбыз. Қалекеңнің сол жұмысы бізді қанаттандыратын. Саны жағына, оның сапасы жағынан жетсек екен дейтінбіз.

Оған мансап та, марапат та ұсынды. Бірақ Қалыбек Атжан өз ұстанымынан айныған жоқ. «Журналист – халықтың арасында көбірек жүруі керек», – дейтін ол. Қазақ телевизиясының қара нарымен бүгін қалың көрермен қоштасып жатыр. 67 жас, өкініш бар. Қазақ журналистикасының ардагері елдің «ақсақалы» атанбай кете барды...

Ағабек Қазанбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:

- Қалеке, жатқан жерің жайлы болсын, топырағың торқа болсын.