Хабар телеарнасы

Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауының іріктеу кезеңіне үш рет барған

Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауының іріктеу кезеңіне үш рет барған

«Славян базары» байқауының іріктеу кезеңіне үш жыл барған Рухия жеңіске қалай жеткенін айтты.

«Біріншісінде жасым 19-20-да болды. Уайым басым еді. Адам өз-өзін басқара алмаған кезде ешқашан жеңіске жетпейді. Менің түсінгенім, адам өзін басқарып үйренуі керек екен. Өзінің эмоциясын басып отыруы, өзіне деген сенімділікті жоғарылатып отыруы керек. Біріншісінде, өзіме қатты сенімді болған жоқпын. Екіншісінде, мен ол жылы барғым келмеді. Яғни шын ниеттен болмады деуге болады. Ол кезде 1 балл жетпей қалды. Бәлкім осыдан екі жыл бұрын барғанымда мұндай жетістікке жетпес пе едім?! Бас жүлдені алмас та едім. Себебі ол кездегі Рухия басқа Рухия болды», - деді сұхбатта.

Байқауда Димаш Құдайбергеннің қазылар алқасы құрамында болуы Рухияға сенім берді ме?

«Ол кісінің қазылар алқасында болатынын мен білдім. Бірақ барлығы әділ болуы керек екенін басынан айттық. Себебі ол кісі де әртіс, ол кісі де жас. Мен де өтірікпен өмір сүре алмайтын адаммын. Бірақ мен өз-өзіме барынша дайындаламын деп уәде бердім. Бұл байқауға қатысқаным өзім үшін емес, халықтың да абыройы бар. Димаш Құдайберген қазылар алқасында отырғандықтан, бүкіл әлем қарап отыр ол кісіге. Бүкіл әлемге Қазақстанда тағы қандай әншілер бар екені қызық. Мен сол деңгейді түсіріп алмауым керектігін ұқтым. Байқауға үш ай дайындалдым», - деді Рухия.

Сонымен қатар байқауға 2 күн қалғанда сахнаға киетін көйлегі ұнамай қалған.

«Байқауға тіктірген көйлегім өзіме ұнамай қалды. Бір ай тіккен көйлек жараспай қалды. Яғни 2 күн қалған кезде мен стилиске хабарласып, көмек сұрадым. Ол кісі маған жедел көмектесіп, 1 күннің ішінде 2 костюм тігіп берді. Соған бұйырып тұрған ғой, жеңіс костюмі сол болды. Әрине, оның барлығы өте қиын болды. Бірақ түбінде жақсы өтті, мен үшін ең маңыздысы сол», - деді Хабар SHOW Youtube арнасына берген сұхбатында.