Хабар телеарнасы

Орны толмас қайғы: режиссер-сценарист Сатыбалды Нарымбетов өмірден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер-сценарист Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. «Сатыбалды Жәлелұлы қазақ киносында өзіндік қолтаңбасы бар, суреткерлік шеберлігін ұдайы шыңдап отыратын дарынды режиссер еді. Қоғамдағы күрделі өзгерістерді, заманның жаңарған келбетін экран арқылы көрсете білді. Отандық кино өнерін және рухани-мәдени саланы дамытуға мол үлес қосып, соңына жарқын із, өшпес мұра қалдырған Сатыбалды Жәлелұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында сақталады», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Сатыбалды Нарымбетов кино мен əдебиетте өзіндік суреткерлік əлемін қалыптастырып, соңына тамаша туындылар қалдырды. Оның алдағы күнге жоспары көп еді. Әріптестерінің айтуынша, екі бірдей тарихи фильм түсіру туралы ойлап жүрген еді. Бірінің сценарийі жазылып, өндіріске де жіберіліпті. Сатыбалды Нарымбетовтың туындылары бір-біріне ұқсамайды. Кинода да, әдебиетте де ол өзінше жаңа сүрлеу салуға ұмтылды. Таптаурын болған тақырыпқа жоламауға тырысып бақты. Бір ғана өзінің сценарий желісімен жазылған «Көзімнің қарасы» әлемнің талай айтулы кинофестивальдарының жүлделерін қанжығасына байлады. «Әлем киносындағы үздік фильмдер» тізіміне енді. Франция кино академиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Туындының сюжет желісі қарапайым кеншілер кентінде өрбіп, аккордеонда ойнайтын баланың өмірі суреттеледі. Оның әкесі жапондық әскери тұтқындарды үйіне қонаққа шақырғаны үшін 2 жылға түрмеге қамалған.

«Сөзден гөрі сезім бай ғой. Киноның бір ұтатыны – сол сезімді шығаруға болады», – дейтін өзі. Оның  Семейдегі полигон зардаптарын баяндайтын «Қыз жылаған» фильмі ұзақ толғаныстан кейін түсірілген дүние болатын. Соның тұсаукесерінде режиссер былай деген еді.

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Сценарийі Әкім аға екеуіміз жаңағы біздің өте белгілі жас драматургымыз Роза Мұқанованың әңгімесі бойынша жаздық. 3 жыл ақша күттік. Толғатып жаттым үйде. Ал оның нәтижесі жөнінде өзінің шығармасына сүйсіне қарайтын режиссердің бірі мен емеспін.

Сатыбалды Нарымбетовтың Мұстафа Шоқай, ­Кенесары хан туралы жазған диссертациясы үшін қуғындалып, түрмеге түскен тарихшы Ермұхан Бекмаханов жайындағы «Аманат» фильмдері де көремен ықыласына бөленді. Бұдан өзге ол – «Созақтан шыққан Гамлет», «Балалық шағымның Дон Кихоты», «Ауылдан келген күйеу», «Ас­салаумағалейкум, Атлантида», «Айғай» фильмдерінің авторы. Көбінің сценарийін өзі жазып,  кино өнеріне бүкіл саналы ғұмырын арнады.

Смағұл Елубай, кинодраматург:

- Сатыбалды досымызбен саналы ғұмырымыз қатар өтіп еді. Сатыбалды Нарымбетов ынта-шынтасымен бүкіл ғұмырын өнерге арнаған тұлға болды. Өнерден басқаны ол ойламайтын. Сондықтан өнеріне адал болды. Әдебиетке, киноға адал болды.

Болат Қалымбетов, актер, ҚР Еңбек сіңірген артисі:

- Ол кісінің актер болып екі фильміне түстім: «Молитва Лейлы», «Көзімнің қарасы». Сәкен аға мені еркелетіп, «тұмарым» деп фильмінен тастамайтын кішігірім рөлдер  болса да беретін. Өзі сондай бір ашық юморға жақын кісі еді. Жаны да, тәні де қазақи. Фильмдерінде қазақтың иісі аңқып тұратын.

Сатыбалды Нарымбетов қандай дүние жасаса да, сол дәуірді барынша зерттеуге тырысатын. Содан болар, оның туындылары шынайы шығатын. Тағы бір тарихи туындысы – поляк ғалымы, этнограф-зертеуші Адольф Янушкевич жайындағы фильмін түсіруді жақын арада бастауы тиіс еді. Содан кейін Кенесары хан туралы толық метрдажды кино түсіру жоспары болған. Ол өмір бойы таптаурыннан қашқан. Әдебиетте де, кинода да, өмірде де. Тіпті барлығымыз күнделікті қолданатын сөздің өзінде таптаурынға ұрынбайтын ерекше мінезі болды, киіну үлгісі де ерекше еді. Осы ерекшелік Сатыбалды Нарымбетовтің ешкімге ұқсамайтын суреткерлік әлемін қалыптастырды, қазақ киносына тамаша туындыларды берді. Өзі туралы өткен шақта айтқанымызбен, артынан қалдырған сол туындылары осы шақта қала береді.