Хабар телеарнасы

Әлем жұлдызы атанған Димаш Құдайберген 27 жасқа толды

Дүниежүзінің ірі сахналарында өнер көрсетіп, ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысымен көпті тәнті еткен отандасымызды әлемнің түпкір-түпкірінен көрермен құттықтап жатыр.

27 жасқа толған Димаш – енді әжесінің ғана емес, барша әлемнің мақтанышы. Қайталанбас дарын иесі жастығына қарамастан, миллиондардың жүрегін жаулап үлгерді. Өнерпаздың жұлдызы 2017 жылы Қытайда өткен халықаралық «I’am singer» жобасында жанды.

Димаш бұл әлемдік додада екінші орынды иеленген еді. Содан бері дүниежүзінің ірі сахналарында өнер көрсетіп, ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысымен көпті тәнті етіп келеді. Табиғи дарын иесі – Димаш десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлері оның бірде бір гастрольдік сапарынан қалыс қалмайды. Қайда барса да еріп барып, концертін тамашалайды.

Мәселен, зейнеткер Шолпан Табаева өнерпаздың сегіз елде берген концертін түгел тамашалаған. Сонда да дарын иесінің дауысын тыңдаудан жалықпағанын айтады. Тіпті әлеуметтік желілерде «Dimash Salem» фан-клубын ашып, әлемнің әр түпкірінен 30 мыңнан аса оқырман жинапты.

Шолпан Табаева, жанкүйер:

 - Біз Димашқа әлеуметтік желі арқылы тұрақты қолдау көрсетеміз. Ол жерде күн сайын Димаштың өмірінде не болып жатқанын айтып береміз. Пікір жазамыз. Әлемді Димаштың шығармашылық өмірінен бөлек, Қазақстанмен, қазақ мәдениетімен де таныстырамыз.

Клубтың тағы бір мүшесі Шакира Жүнісованың айтуынша, оның Димашқа деген сүйіспеншілігі 6 жыл бұрын оянған. Міне, бүгін ол да сүйікті әншісін құттықтауға асық.

Шакира Жүнісова, жанкүйер:

 - Димаштың ең басты арманы – әлемдегі ең танымал музыкалық жүлдені алу. Ал мен сол «Grammy» сыйлығын иеленуін тілеймін. Ол бүкіл музыкалық сыйлыққа лайық. Бірақ әлі жас, барлығы алда.

Бүгінде әлемнің 150 елінде Димаш Құдайбергеннің 200-ден астам фан-клубы бар екен. Жанкүйерлері осындай мәлімет берді. Олардың барлығы сүйікті әншісін туған күнімен құттықтап, жылы лебіздерін жаудырды.

Ал зор дауысымен күллі әлемді дүр сілкіндірген Димаштың қытайлық жанкүйерлері тосынсый әзірлепті. Олар қала ішіндегі еңселі ғимараттардың біріне Димаштың суреті мен бейнежазбасын шығарып, туған күніне ақжарма тілектерін жолдаған. Өз кезегінде қазақ әншісі Қытайға бармағанына бір жылдан асса да, жанкүйерлерінің бұл ыстық сәлемін ерекше ілтипатпен қабылдағанын жеткізді.

Авторлары: Дана Алиева, Гүлнар Әмренова