Хабар телеарнасы

Қазақ журналистика ғылымы мен білімінің іргетасын қалаушы ғалым Қайыржан Бекхожин оқулары өтті

Онлайн конференцияда «Баспасөздің болашағы: болжамдар мен практикалық шешімдер» атты тақырып талқыланды. Оған ғалымнан тәлім алған шәкірттер мен ізін жалғаған мамандар, студенттер және ұрпақтары қатысты. Жиын барысында қазақ журналистикасын жетілдіру мен заманауи өзгерістерге лайықты ету жолдары айтылды. Қайыржан Бекхожин ұлттық баспасөз тарихы бойынша бірінші болып кандидаттық және докторлық диссертациялар жазған. Оның тұңғыш қазақ журналы «Айқап» туралы зерттеулері ғылыми айналымға енген үлкен жетістіктердің бірі болды. «Заман өзгергенмен, Қайыржан Бекхожиннің ұстанымы ешқашан өзгермейді», – дейді оның ізбасарлары.

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы:

- Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда мазмұны ұлтқа, мемлекетке қызмет ету болғанымен пішіні өзгерді, амал-тәсілдері де өзгерді. Қазір ақпаратты кез келген адам алып тарата алады, бірақ қай тұрғыдан келгенде де Қайыржан Бекхожинның ұстанымы қалады. Ең бірінші ұстаным – ұлтқа, мемлекетке, отанға қызмет ету.